Русский Сайттың толық нұсқасы

БҚО-да Шыңғырлау өзені арнасынан асып, бір ауылға су кірді

  • AstanaTV
  • 29 наурыз 2024
  • 714

Батыс Қазақстан облысында Шыңғырлау өзені арнасынан асып, Бөрлі ауданы Ақсу ауылында үйлерге су кірді.

«Қазгидромет» РМК БҚО филиалының директоры Тілеген Шапанов берген мәліметке қарағанда, Шыңғырлау өзені Бөрлі ауданы Кеңтүбек ауылы тұсында 767 сантиметрге көтеріліп, қауіпті деңгейден (700 см) асып кетті.

Сондай-ақ облыстағы басқа өзендерде де су деңгейі көтерілу үстінде. Мысалы, Деркөл өзені Бәйтерек ауданы Белес ауылы тұсында бір тәулікте 99 сантиметрге көтеріліп, 530 сантиметрге (қауіпті деңгей – 600-650 см) жетті. Сол секілді Шаған өзені Чувашин тұсында 972 сантиметр (қауіпті деңгей – 1280-1300 см) болды. Быковка өзені Құрманғазы ауылы тұсында 806 сантиметрге жоғарылап, қауіпті деңгейге (810 см) жақындап қалды.

Облыстың бас өзені – Жайық Орал қаласы тұсында 41 сантиметрге (219, қауіпті шегі – 850 см) көтерілді.

Сонымен қатар Казталов ауданында Қараөзен мен Сарыөзенге де су келе бастады.

Бөрлі ауданының әкімі Еркебұлан Ихсановтың айтуынша, Шыңғырлау өзенінің тасуы салдарынан кеше Ақсу ауылындағы шамамен 46 үйге су кірді. 150-дей адам мектепке эвакуацияланды.

«Кеңтүбек әзірге аман. Қазіргі кезде Шыңғырлау өзенінде мұз жару жұмыстары жүргізілуде. Өзім су тасқынына байланысты Ақсу ауылындамын. Ақсай қаласында да еріген қар суына тосқауыл қою бағытында жұмыстар атқарылып жатыр», деді Е.Ихсанов.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын су тасқынына байланысты БҚО-ның тағы екі ауданында төтенше жағдай жарияланғанын жазған болатынбыз.