Русский Сайттың толық нұсқасы

Ақтөбеде су ортасында қалып, көмек сұраған адамдарға бірден үш тікұшақ жіберілді

  • AstanaTV
  • 30 наурыз 2024
  • 658

Ақтөбе облысының Ойыл ауданы Қаратал (Берсиев) ауылына бірден 3 тікұшақ жіберілді. Жарығы, жылуы, суы жоқ мектепте 350-ден астам адам бар.

Ауылға азық-түлік, гигиеналық заттар, киім-кешек пен көрпе-төсек сияқты гуманитарлық көмек тиелген тікұшақтар шықты.

- Шұғыл көмек көрсету және эвакуациялау үшін мамандар бара жатыр. Атап айтқанда, Ми-8 тікұшақтарының бортында Т.Бигелдинов атындағы әуе қорғаныс күштері әскери институтының ұшқыштары, медицина қызметкерлері, психологтардан құралған құтқарушылар тобы бар,- деп хабарлады Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Мұндағы мектепті 356 адам паналаған. Оның 94-і балалар.

Еске салсақ, ауыл тұрғындары бүгін өздерінің ас-сусыз салқын әрі қараңғы мектеп ішінде қалғанын айтып, көмек сұрады. Жергілікті әкімдік өкілі екі рет тікұшақпен барып, қона алмай кеткенін хабарлады. Бұл ауыл түгел су ортасында тұр.