Русский Сайттың толық нұсқасы

БҚО-да мұздай су кешкен құтқарушы: Біз қашанда елмен біргеміз

  • AstanaTV
  • 30 наурыз 2024
  • 641

Батыс Қазақстан облысында су тасқынына қарсы жұмыстар жүргізіліп жатқаны белгілі. Соның бел ортасында жүрген құтқарушылар өз қызметін жауапкершілікпен атқаруда. БҚО ТЖ департаменті Қаратөбе ауданында тұрғындарды эвакуациялау кезінде мұздай суды жаяу кешіп, техникаға жол көрсетіп келе жатқан құтқарушылар туралы бейнежазба жариялады. Kazinform тілшісі сол бейнетаспаға түсіп қалған құтқарушылардың бірі, Орал қаласындағы №8 өрт сөндіру бөлімі бастығының орынбасары, азаматтық қорғау майоры Манарбек Сұлтановпен әңгімелесті.

Өзінің айтуынша, Орал қаласынан Қаратөбе ауданына 27 наурыз күні таңғы сағат 04.00-де 26 адам екі «КамАЗ», бір «УАЗ», 1 «Нива Шевроле», 1 темір қайық және 1 тіркемелі мотопомпамен шыққан.

— Сағат 09.00 шамасында Қаратөбеге жетіп, үш топқа бөліндік. Біз Шалғын елді мекені маңындағы өзенде мұз кептелісі бар деген соң соған бардық. Бір күн қонып, жағдайды ұдайы бақылап отырдық. 28 наурыз күні өзен деңгейі түскен соң түске таман аудан орталығы Қаратөбе ауылына кері шықтық. Шөптікөл ауылы тұсында Қаратөбе-Жымпиты жолын су басып кеткен екен.

— Сөзіңді бөлейін, бейнетаспадағы су кешіп келе жатқан екі адамның біреуі өзің бе?

— Иә, мен, екіншісі — № 8 өрт сөндіру бөлімінің бөлімше командирі, азаматтық қорғау аға сержанты Қуаныш Құмаршиев. Екеуміз техниканың алдынан жол көрсетіп жүрдік. Қаладан отадан кейін ер адам жедел жәрдем көлігімен қайтып келе жатыр екен. Сондай-ақ «ATAMEKEN» партиясы БҚО филиалының ұйымдастыруымен Қаратөбеге гуманитарлық көмек (дәрі-дәрмек, азық-түлік, жылы киім) тиелген автокөлік, қалаға жарысқа бара жатқан балалар бар. Үш рет солай жаяу жүріп өттік. Кейін суға кеткен Қоржын ауылынан эвакуацияланған тұрғындарды көшірдік. Барлығы 150-дей адамның судан аман өтуіне жәрдемдестік. Соның ішінде 80-дейі — балалар.

— Ал суретте бейнеленген үшінші адам кім?

— БҚО ТЖ департаменті өрт сөндіру және авариялық құтқару жұмыстарын ұйымдастыру бөлімінің бастығы, азаматтық қорғау майоры Рустам Құбашев.

су тасқыны

Фото кейіпкердің жеке мұрағатынан

— Тұрғындарды эвакуациялауға атсалысқан басқа да құтқарушылар бар шығар?

— Әрине, мен өз тобымды айта кетейін. Қарауыл бастығы, азаматтық қорғау лейтенанты Эльдар Опиев, аға нұсқаушы, азаматтық қорғау старшинасы Азамат Нұрбеков, өрт сөндірушілер, азаматтық қорғау кіші сержанттары Мирлан Елубаев, Ернұр Сәдіқұлов, Дәулет Максимов.

— Су салқын шығар?

— Иә, біз жылынып алып, кезекпен ауысып жұмыс істедік. 29 наурыз күні кешке Соналы ауылы жақтан адамдар Қаратөбеге жете алмай жатыр деген хабар келді. Жолды су басып кеткен. Түнгі сағат 22.00-де шығып, Соналыдан жағдайы ауыр адамды алып келе жатқан жедел жәрдем көлігін өткіздік. Бұл жолы біздің алдымыздан Қаратөбе ауылындағы № 18 өрт сөндіру бөлімінің қызметкерлері, азаматтық қорғау кіші сержанттары Мейірбек Тілекқабылов пен Қайсар Ғабдоллаев жүріп отырды. Одан бөлек ішінде 4 бала, 1 аяғы ауыр келіншек бар, 27 адамды Қаратөбеге жеткіздік.

— Мұндай жағдай қызмет бабында жиі бола ма?

— Жыл сайын түрлі оқиғаларға тап боламыз. Мысалы, су тасқыны кезінде адамдарды қайықпен өткіземіз. Малды қауіпсіз жерге шығарамыз. Өзендерде мұз кептелісі болған кезде соның ортасына шығып, ағысты жіберу үшін темір сүйменмен оямыз. Қайсыбірін айтуға болады, әр түрлі жағдай бойынша шығып тұрамыз.

— Бір жағынан қатерлі, бір жағынан құрметті, осы мамандықты таңдауға не түрткі болды?

— Оған себепші болған ата-анам дер едім. Әкем Жұмагелді Сұлтанов Ақтөбеде тас зауытында, анам Мағрипа Оралдағы «Зенит» зауытында жұмыс жасайды. Қарапайым еңбек адамдары. Өзім Орал қаласындағы № 45 мектептің түлегімін. 2008 жылы Көкшетау қаласындағы Мәлік Ғабдуллин атындағы азаматтық қорғау академиясына түсіп, 2012 жылы бітіріп шыққаннан кейін осы қызметтемін.

— Сендердің қызмет уақыттарыңда шектеу жоқ шығар?

— Кейде 6-7 күнге дейін үй көрмей кетеміз. Жағдайға қарай кеш жатып, ерте тұрамыз. Мысалы, бүгін түнде сағат 02.00-де ұйқтап, 04.30-да қайтадан күзетке шықтық. Қаратөбе ауылындағы жергілікті колледждің жатақханасында орналасқанбыз.

— Үй демекші, өз отбасың туралы бір-екі ауыз сөз айта кетсең?

— Келіншегім Гүлім Қайратқызы облыстық полиция департаментінде жұмыс істейді, қазір сәби күтімімен отыр. Қызым 11-де, ұлым 10-да. Биылғы ақпанда тағы бір ұл бала көрінді. Гүлімнің өзі де құқық қорғау саласында болғаннан кейін менің қызметімді жақсы түсінеді, үнемі қолдау көрсетіп отырады.

— Осындай қиын қызметте болғаннан кейін өзіңді бабыңда ұстау үшін спортпен де айналысасың ба?

— Тап солай. Қол тигенде, спорт залынан табыламыз. Жарыстарға қатысамыз. Айталық, биыл Ұлыстың ұлы күні — Наурыз мерекесіне орай күш құрылымдары арасында футзалдан Батыс Қазақстан облысы әкімінің ауыспалы кубогі үшін өткізілген турнирде жеңімпаз атандық.

Сөзімнің соңында айтарым, біз қашанда елмен біргеміз. Халқымыз бұл қиындықтан да өтер, тек бас амандығын берсін деймін.

Қаратөбе ауданының тұрғыны Әлібек Мақсотов елдің атынан бірнеше күннен бері тынбастан өз қызметін атқарып жатқан құтқарушыларға ризашылығын білдірді.

«Жігіттерге рахмет. Ер осындай сын сағатта сыналады. Суық суды жаяу кешіп келе жатырсыңдар. Халық сендерге өте риза. Аман жүріңдер» деді Ә.Мақсотов.