Русский Сайттың толық нұсқасы

ШҚО-да өрттен көз жұмғандардың жартысы мас болған

  • AstanaTV
  • 31 наурыз 2024
  • 434

Шығыс Қазақстан облысында осы жылдың басынан бері жер үйлерде өрт қауіпсіздігі ережелерінің бұзылуы салдарынан 121 рет от шығып, 12 адам қаза болды.

ШҚО төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, облыс тұрғындарының арасында үйде өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтамайтындар аз емес.

Соның салдарынан жыл басынан бері 121 өрт шығып, 12 адам көз жұмды. 

Марқұмдардың 50% мас болған. Бұл қайғылы жағдайлар отты абайсыз қолданудан, соның ішінде үй ішінде темекі шегудің салдарынан тіркелді. 

«Өрттердің 42%-ы пешті жылыту кезінде қауіпсіздік талаптарын сақтамаудан, ал 31%-ы электр аспаптары мен электр жабдықтарын монтаждау және пайдалануда өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзудан болды. Соңғы оқиға 28 наурызда Жаңа Бұқтырма кентіндегі 5-қабаттағы пәтерде тіркелген. Оқиға орнынан 46 жастағы пәтер иесінің денесі табылды. Келген өрт сөндірушілер түтін аймағынан 14 адамды, оның ішінде 3 баланы эвакуациялады» делінген ақпаратта.

Департаменттің мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы Нұржан Өміржановтың айтуынша, жеке тұрғын үй секторына рейдтер жүргізу кезінде мамандар үнемі бұзушылықтарды анықтайды. 

«Оның ішінде көбінесе пеш мұржасын уақтылы тазаламау, пештер мен электр сымдарының мүшкіл жағдайы тіркеледі. Азаматтардан өз қауіпсіздігі мақсатында өрт пен өлімге әкелуі мүмкін бұзушылықтарды уақтылы жоюды сұраймыз», -деді ол.