Русский Сайттың толық нұсқасы

Павлодарда 6 ауданда үйлерді су басып қалды

Павлодарда қарғын судан 6 ауданда үйлерді су басып қалды. 18 үйдің тұрғындары қауіпсіз жерге көшірілді. Сіресе, Ақтоғай ауданындағы Жалаулы ауылында жағдай күрделі. Мұндағы 15 баспана су астында қалған. Құтқарушылар тәулік бойы суды бөгеуге тырысқан. Алайда, қатты қарқынмен еріген қар суы ауылдың басым бөлігіне жайылды. Төтенше жағдай мамандары суды сору жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Олег ТРЕЩЕВ, ОБЛЫСТЫҚ ТЖД БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Аймақта тасқын қаупі төніп тұрған 10 участок бар. Бұл Ақсу, Ақтоғай, Успенка, Ертіс, Шарбақты, Тереңкөл аудандары. Еріген қар су мен жаңбыр салдарынан 18 үй су астында қалды. Қазіргі уақытта 8 үйде су сорылды. 10 үйде су сору жұмыстары жүріп жатыр. Тасқынмен күреске 400 адам, 130 техника, 44 мотопомпа және жүзу құралдары жұмылдырылды. Тасқын қаупін үйлестіру мақсатында жедел штаб құрылды. Барлығын бақылауға алдық.

Тасқыннан зардап шеккен тұрғындарға халық қалаулылары көмектесіп жатыр. Өңірге Мәжіліс депутаты Жарқынбек Амантай бастаған бір топ депутат арнайы барды. Олар халықтың мұң мұқтажын тыңдап, жағдаймен танысты. Қарғын судан үйі қираған тұрғындармен тілдесіп, мемлекет тарапынан баспаналарының қалпына келтірілетінін жеткізді.

Асылбек ТУҒАНБАЙ, ОБЛЫСТЫҚ МӘСЛИХАТ ДЕПУТАТЫ, "АМАNАТ" ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Жалпы біз қолымыздан келгенше алғашқы көмек көрсеттік. Бұл су соратын моторлар, алғашқы көмек азық-түлік, құм толтыратын қаптар, шланг, суға киетін арнайы резенке етік басқа да алғашқы көмекті қолдан келгенше жасадық. Және бұл осымен тоқтап қалмайды. Алдағы уақытта халықпен бірге болатын боламыз. Және қолдан келгенше, көмек көрсетеміз.