Русский Сайттың толық нұсқасы

Су тасқынынан өзге де мемлекеттер зардап шегіп жатыр

  • AstanaTV
  • 01 сәуір 2024
  • 740

Су тасқынынан өзге де мемлекеттер зардап шегіп жатыр. Мәселен, Ресейдің бірнеше аймағында төтенше жағдай енгізілген. Тасқынмен арпалысып әлек болғандар жайлы тілшіміз Дәрібек Бахытбек тарқатады.

Ресейдің 20-дан астам өңірі су астында қалды. Бұған себеп -күннің күрт жылынуы, одан қоса жауын-шашынның көбеюі. Әсіресе Алтай өлкесінде ахуал ушыққан. 478 үй мен 2 мыңдай жер телімі бүлінді. Сондай-ақ 100 көпір мен 50 жолды су шайып кетті.

РЕСЕЙ ФЕДЕРАЦИЯСЫ ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР МИНИСТРЛІГІНІҢ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ:

40 елдімекенді су басу қаупі бар. Ол - 478 тұрғын үй және 943 жеке учаске. Автожолдардың 9 учаскесіне шектеу енгізілді. 165 адам қауіпсіз жерге көшірілді. Оның ішінде 30 бала бар.

Өңірде табиғи апатқа байланысты төтенше жағдай жарияланды. Саратов облысында да 24 өзен арнасынан асып, жергілікті қоймалардың су деңгейі қалыпты межеден 126 пайызға артқан.

Новосібір, Ульяновск облыстарында да жағдай күрделі. Орынбор облысында қосалқы электр станциясын су басқан.

Францияны да су басуы мүмкін деген қауіп бар. Тіпті Францияның оңтүстік-батысындағы Монморийон қаласында халық қайықпен жүр. Жауын-шашыннан кейін су деңгейі 5 метрге дейін көтерілген. Наурыз айының басында да елдің біраз бөлігін су шайып кеткен еді. Жағдай тағы қайталанып, қала түгел су астында қалды.

Ал Мадагаскар аралының тұрғындары лай кешіп жүр. Өңірде алдымен дауыл тұрып, арты алапат су тасқынына ұласқан. Салдарынан 18 адам опат болды. Халық табиғаттың тосын мінезіне дайын болмаған сыңайлы. Мадагаскарда жыл сайын 30-40 тропикалық дауыл тұрса да, бір мезетте барлық мүлкін су басып кеткеніне көпшілік абдырап қалғанын айтады.

Жер бетінде қазір осындай климаттық хаос орнаған. Бұл ғаламдық жылынудың салдары дейді әлемдік сарапшылар. Антарктидадағы мұздың еруі, мұхиттардың жылынуы мен қышқылдануы, парниктік газдардың мөлшері бұрын-соңды болмаған межеге жеткен.