Русский Сайттың толық нұсқасы

«Востокмашзауыттың» еңбекақыдан қордаланған қарызы қытайлық серіктестіктің кесірінен туындаған

  • AstanaTV
  • 26 қаңтар 2017
  • 2853

Вагондарға қосалқы заттар шығару жобасы "ВостокМашЗауытын" қарызға белшесінен батырды. Бүгінде 600 жұмысшыға 40 миллион берешек. Прокуратура өкілдері зауыттың есеп-шоттарын бұғаттап, жұмысшылар еңбекақысын өндіріп бермек. Ал компания өкілдері мәселе қытайлық серіктестіктің кесірінен туындағанын айтып отыр. Алпауыт компаниядағы қаржылық дағдарыстың себебін тілшілеріміз анықтады.

«Востокмашзауыт» АҚ - елдегі ескі өндіріс ошағының бірі. Кәсіпорында мұнай-газ, геологиялық барлау және ауыр машина саласына қажетті құрал-жабдықтар шығарылады. Екі жыл бұрын индустрияландыру бағдарламасымен зауытта «Қазақстан темір жолы» компаниясы үшін вагон құймаларын өндіру жобасы іске қосылды. Жаңа өндірістің құны 14 млрд теңгеге бағаланды. Жобаны «Халық банкі» қаржыландырған. Тапсырыс беруші қытайлық «ЕМЕ» компаниясымен келісімге отырған. Олар қажет қондырғыны әкелгенмен, жаңа технологияны іске қоса алмаған. Өйткені қосалқы заттардың сапасы сын көтермеген. Қытайлықтар наразылық хаттамасын алған және кем-кетікті түзетуге де уәде беріпті.

Виктор Осипов, «Востокмашзауыты» АҚ сапа ісі жөніндегі атқарушы директоры:

Біз 1111 темір арқалығын шығардық және оның 300-ін саудаладық, яғни 70 пайызы сатылып кетті. Қытайлықтар технологияны тиянақты іске қоспады. Бізде жобадан қалған 10 пайыздық қаржы болған. Бірақ, зауыт басшылығы, Қытай компаниясы жұмысын тиісті деңгейде орындамады, деп санайды. Сондықтан ақшасын төлемей отырмыз. Төлейтін болсақ, олар ұшты-күйлі жоқ болады. 

2 жыл өтті. Ал вагон құймасын өндіру әлі іске қосылған жоқ. Қымбат электрондық құралдарды құртпас үшін өндіріс ошағы цехтарды жылытып, жұмыскерлер ұстауға мәжбүр. 600 адамнан астам еңбеккерге қарызы 36 млн теңгеден асып кеткен. Іске прокуратура араласты.

Бағбан Тайымбетов, ШҚО прокуроры:

Адамдарға сұрап алған жақсылықтың қажеті жоқ. Оларға маңдай терімен келген еңбекақысын төлеу керек. Алдағы уақытта бұл жағдай прокуратураның жіті бақылауында болмақ. Және біз адамдар құқығын қорғайтын боламыз. 

Прокуратураның талабымен қаңтардың басында кәсіпорынның есеп-шоттары бұғатталды. Басқа өнімдерді сатудан айналымға түскен ақша жалақыны өтеуге жұмсалмақ.

Виктор Осипов, «Востокмашзауыты» АҚ сапа ісі жөніндегі атқарушы директоры:

Қаржы қызметі арқылы, прокуратура арқылы олар біздің еңбекақымызды төлеп жатыр. Қазірде бар есеп-шотқа тыйым салынған. Бас директор қаражаттың аударылып жатқанын және желтоқсанның қарызын осы аптаның соңына дейін төлейміз деп уәде берді.

Егер бірегей жоба іске қосылса, зауыттағы бар мәселе шешіледі, деген пікірде Виктор Осипов. Бірақ, жаңа технология қосымша қаржыландыруды қажет етеді, ал зауытта ақша жоқ. Берешектің мөлшері де күн санап өсіп барады. Жылу энергиясынан жиналған қарыз 160 млн теңгеге жуықтапты. Ал, қымбат электроника желісі өндірісін тоқтатуға болмайды. Сондықтан зауытта көше шамдары мен орындықтар шығару ісі қолға алынған. Қазірде «Қазақстан темір жолы» қаржы іздеуге кіріскен. Ал қытайлық тараппен желіні жөндеу бойынша келіссөздер жүргізіліп жатыр. Өйткені жобаның 90 пайызы қаржыландырылған.