Русский Сайттың толық нұсқасы

Шымкентте олимпиадалық емес спорт түрімен шұғылданушылар сергелдеңге түсті

Шымкентте спорттың олимпиадалық емес түрімен шұғылданатындар сергелдеңге салынып отыр. Спортшылармен бірге жаттықтырушылардың да бірқатары тығырыққа тіреліп тұрғандарын айтады. Шағымданушылардың айтуынша, мұндай өзгеріс спорт басқармасына жаңа басшы келгелі енгізіліп жатқан көрінеді. Қазірдің өзінде екі спорт мектебінде қысқарту болған. Кезек бізге жетті дейді. Енді 50 жаттықтырушы жұмыссыз қалғалы тұр деп санайды. Одан бөлек жастайынан үйренген спорт түрін алмастыру балаларға да оңай емес деген пікірде.

Олимжан АБДУКАРИМОВ, №3 ЖОҒАРЫ СПОРТ ШЕБЕРЛІГІ МЕКТЕБІНІҢ АҒА ЖАТТЫҚТЫРУШЫСЫ:

Таэквандодан жаттықтырушы боп бастағам. Менің жұмыс істеп жатқаныма 12 жыл болыпты. Қазір бізде отделениелерді жабатын болса біз 12 жылдан бері істеген біз басқа спорттан жаттықтырушы бола алмаймыз. Таэквандо үйретіп біз боксер немесе еркін күрестен ондай жаттықтырушы болып кете алмаймыз. Сонша адам жұмыссыз қалып, сонша спортшылар залсыз қалып кетейін деп тұр.

Сұлтан ДАУЫТОВ, СПОРТШЫ:

Біздің спорт мектебін жапқалы жатыр. Далада қалғалы тұрмыз. Бізге спорттың басқа түрімен шұғылданыңдар деп жатыр. Мен 10 жылдан бері таэквандомен айналысам. Кикбоксингке өтуге болады дейді, бірақ мен таэквандоның бүкіл техникаларын меңгеріп, жаттығып алғам. Амстердамда, Бішкекте өткен әлем чемпионаттарында жүлделі орын алып жүрген адаммын. Мен қалайша бірден басқа спортпен айналысып кетпекпін? Олай болса спортты тастаудан басқа амал көріп тұрған жоқпын.

Наразы топты Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы қабылдады. Маратбек Мықтыбеков олимпиадалық спорт түрлене басымдық беру мақсатымыз дейді. Ал жас спортшылар да, олардың жаттықтырушылары да далада қалмайтынын жеткізді. Керісінше мегаполистің төңірегіндегі жастарды да спортпен айналысуға жағдай жасап жатырмыз дегенді қосты.

Маратбек МЫҚТЫБЕКОВ, ҚАЛАЛЫҚ ДЕНЕ ШЫНЫҚТЫРУ ЖӘНЕ СПОРТ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ:

Нақты тапсырма болған болатын. Олимпиадалық емес спорт түрлерін, одан кейін олимпиадалық спорт түрлерінің ішіндегі басым спорт түріне көп көңіл бөлу керек деген, сондай ұсыныстар болған болатын. Әрине сол бойынша біз қазір жұмыс істеп жатырмыз. Бірақ ұсқас спорт түрлері бар емес па, ұқсас спорт түрлерін біз біріктіріп, оны әрі қарай бәрін жауып тастау мақсат емес. Біріктіріп, сол олимпиадалық спорт түрлерімен әрі қарай айналысса деген ниетпен жасалып жатқан нәрсе бұл.