Русский Сайттың толық нұсқасы

Батыс Қазақстан облысында тасқынның екінші кезеңі болуы мүмкін

Батыс Қазақстан облысында төтенше жағдай жарияланды. Бүгінде өңірдің 4 мыңға тарта тұрғыны эвакуациялық орталықтан пана тапқан. Бұл аздай, ауа райын болжаушылар енді су тасқынының екінші толқыны басталатынын айтады. Өйткені көршілес Ресейден ағып келетін өзендердің деңгейі көтеріліп жатыр. Аймақтағы ахуал туралы тілшіміздің материалында.

Еркін КАРИН, ТІЛШІ:

Біз қазір Сырым ауданындамыз. Арыны қатты ағын су қазір мына автожолдың үстінен ағып өтіп жатыр. Судың тереңдігі тізеге жетпейді. Өйткені жолдың шетіне төсеген қапшықтар осы судың қарқынын ұстап тұр. Бірақ абайлап жүру керек. Өйткені мына жерде жолдың шеті көрінбейді. Асфальты опырылып кетсе суға кетуіңіз мүмкін.

Сырыммен іргелес Қаратөбенің де жағдайы қиын. Мұнда жол талғамайтын жүрдек көліктің өзін беліне арқан байлаған құтқарушылар жетелеп жүріп өткізеді. Өйткені жолдың бүтін, асфальтың аман екенін үш шақырым бойы табанымен түртіп тексереді, сөйтіп қауіпсіз бағытты сілтейді.

Азамат НҰРБЕКҰЛЫ, ҚҰТҚАРУШЫ:

Ағысы қатты жерлер де болды, терең болды. Су салқын ғой. Енді жұмыс та оңай болмайды. Тоңған жоқпыз, жылы киімдеріміз. Костюм ауа өткізбейді, жел өткізбейді, жылы.

Қызыл судың кесірінен үш ауданның он ауылымен көлік қатынасы тоқтаған. Қазір бірқатары қалпына келтіріліп жатыр. Солардың бірі - Орал мен Ақсайды жалғайтын тас жол.

Дамир ТЛЕУБАЕВ, "ҚАЗАВТОЖОЛ" ҰК" АҚ БҚОФ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Қазіргі таңда ол жерге 20-дан аса адам мен 14 бірлік ауыр техника жұмылдырылған. Мердігер компания сол жерде реконструкция жұмыстарын атқарып жатыр.

Бөтен жерден пана іздеген 4 мыңға тарта тұрғынның жартысына жуығы - бала. Тасқыннан аман қалған төрт түлік қауіпсіз жерге шығарылған. Оның нақты саны әлі белгісіз.

Жасұлан СҰЛТАНОВ, ҚАРАТӨБЕ АУДАНЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Шығындарды өтеу комиссиясы құрылды. Бірақ қазір Қоржын ауылына қатыс болмағандықтан, ол жерге комиссия бара алмай жатыр. Бірақ ана жерде 130-дай адам қалды. Сондай-ақ округ әкімінің міндетін атқарушы қазіргі мал шығындары болып жатқанын айтып жатыр есептеп. Қазір шамамен 900 бастай қой, 50-60 бас ірі қара, бес-алты жылқының шығыны бар деп есептеп отырмыз.

Ал Оралдан ашылған 8 эвакуациялық орталық 800-дей адамды паналата алады. Жағдай қиындаса деген қауіппен тағы бірнеше мекемеде орын әзірленіп жатыр.

Севилья ХУСПАНОВА, САЯЖАЙ ТҰРҒЫНЫ:

Просто әңгіме деп солай жүрдім до последнего. Енді қарасам уже су келіп жатыр біздің үйге. Кеше келдік, лодкамен, мында қайықпен келдік. Енді не істейміз? Дүнияларымыз батты суға, бәрі батты!

Мамандар дерегінше, су деңгейі осыдан 30 жыл бұрынғы ең жоғары көрсеткіштен асып кеткен. Ауа райын болжаушылар енді тасқынның екінші толқыны басталатынын айтып отыр. Бүгінде Ресейден ағып келетін трансшекаралық 5 өзеннің де суы көтерген.