Қызылорда облысы әкімі Нұрлыбек Нәлібаев "ҚазМұнайГаз" ҰК АҚ басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиев, Экология және табиғи ресурстар Бірінші вице-министрі Нұркен Шарбиевпен бірге Арал, Қазалы аудандарына іссапармен барып, Арал теңізінің құрғаған ұлтанындағы сексеуіл егу жұмыстарымен танысты.
Облыс әкімдігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, іссапар барысында аймақ басшысы бастаған делегация теңіздің құрғаған ұлтанының орамдарын әуеден бақылап, содан кейін сексеуіл көшеттерін отырғызды.
"Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Арал теңізінің құрғаған ұлтанына 1,1 млн гектар сексеуіл екпелерін егу кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, республикалық және облыстық бюджет есебінен 2021 жылы 101 мың гектар, 2022 жылы 250 мың гектар, 2023 жылы 193,2 мың гектар жерге фитоорманмелиорациялық жұмыстары жүргізілді. 2024-2025 жылдар аралығында 556,2 мың гектар жерге фитоорманмелиорациялық жұмыстар жүргізу жоспарлануда. Бүгінгі күнге құрғаған ұлтанның 51,6 мың гектарға 15,3 млн. дана көшет отырғызылды", делінген ведомство хабарламасында.
Орман шаруашылығы мекемелерінің материалдық-техникалық базасын нығайту үшін облыс әкімінің тапсырмасымен облыстық бюджеттен 1,8 млрд теңгеге жуық қаржы бөлінді. Сондай-ақ, теңіз табанындағы 150 мың гектар жердің топырағын зерттеу және жобалау жұмыстарына облыстық бюджеттен 58,4 млн теңге бөлінді. Күз мезгілінде 50 мың гектар жерге сексеуіл тұқымын себу үшін 180 тонна орман ағаштарының тұқымы жиналады.