Русский Сайттың толық нұсқасы

Қостанай облысында Тобыл өзенінің деңгейі сәл төмендеді

Қостанай облысында Тобыл өзенінің деңгейі сәл төмендеді. Себебі Қаратомар қоймасынан жіберілетін су көлемі 300 текше метрге азайды. Дегенмен өңірде тасқынға қарсы жұмыстар жалғасып жатыр. Құтқарушылар мен еріктілер 75 мыңнан астам қапқа құм салып,7200 тонна инертті материалдан бөгет жасаған.

Сын сағатында қала тұрғындары қарап қалған жоқ. Тобылдың асау толқынына тойтарыс беру үшін мыңға жуық ерікті жиналды.Жеті жүзден астам полицейлер де түн ұйқысын төрт бөліп, жағалау жағалады.Ұлттық гвардия сарбаздары да ерледі.

Тұяқ НҰРЛАНҰЛЫ, ҰЛТТЫҚ ГВАРДИЯ САРБАЗЫ:

Ең бірінші Жангелді ауданы Тәуіш ауылына келіп көмектестік.Сол ауылда үш күн жұмыс істедік. Біз қазір осы Тобыл ауданына келе жатқан суға бөгет жасап жатырмыз.Яғни қапшыққа құм толтырып, бес қабаттап салып жатырмыз.

Карина БАЗАРБАЕВА, ОБЛЫСТЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:

Осы жерде Ш.Қабылбаев атындағы академия курсанттары мен тыңдаушылар, офицерлер , полиция департаментінің,қалалық полиция бөлімінің қызметкерлері жұмыс істеп жатыр.Полициялар және де жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуде.

Облыстың жеті ауданында қарғын суды сору, құм төсеу жұмыстары жалғасуда.Кейбір елдімекен тұрғындары үйлеріне қайта бастады.Ал қала шетіндегі жеке секторды мекендейтін адамдар әзірге эвакуация орталығында.

Заңғар САНАЙ,ТІЛШІ:

Қаланың байырғы тұрғындары отыз жыл бұрын осы маңды су басқанын айтады.Бірақ бұл жолы тасқынның қарқыны қатты.Ел-жұртты эвакуациялау жұмыстары жұмада басталған. 80 үйдің адамы қауіпсіз жерге жеткізілді.

Облыста 135 эвакуациялық пункт бар, олар су тасқынынан зардап шеккендерді уақытша баспанамен, тамақпен, медициналық көмекпен және қажетті материалдық ресурстармен қамтамасыз етіп отыр.

Төлеутай БАЗАРБАЙ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Кеше сол сағат сегізде осында алып келді.Ал әйелімді жұма күні жедел жәрдем көлігімен әкелді.Осында бөлме берді.Бәрі аман сау.Тамақтары бәрі, төсектері бар.Бәрі жақсы.

Айнагүл БОРАНБАЕВА, МЕДБИКЕ:

Бар қолымыздан келгенше көмегімізді көрсетіп жтырмыз бұл кісілерге.Олар бәрі разы.Бәрі жақсы деп жатыр.жылы жатқан жеріміз деп.Қажетті дәрілерін беріп жатырмыз..

Қостанай қаласында тұрғын үй, бизнес нысандарынан өзге үш саяжай қоғамын су басқан.7 көшенің тұрғындары түгел көшірілді.Тобыл өңірінде 9 мыңға жуық адам эвакуацияланып,уақытша пунктерге жеткізілді.Мүмкіндігі шектеулі 15 адам оңалту орталығына жайғасты.