Русский Сайттың толық нұсқасы

Алматыда 160-тан аса нәзік жанды жұмысқа шақырту алды

  • AstanaTV
  • 25 қаңтар 2017
  • 2404

Алматыда 160-тан аса нәзік жанды жаңа жұмыс орындарына шақырту алды. Олардың тұрақты еңбекпен қамтылуына «Нұр Отан» партиясының қолдауымен өткен бос жұмыс орындар жәрмеңкесі сеп болды. Бүгінгі жұмысқа тарту жәрмеңкесіне 32 жұмыс беруші кәсіпорын қатысып, өздеріне қажетті 162 мамандық иесіне сұраныс білдірген. Еңбек түрлерінің барлығы қыз-келіншектерге арналған. Әсіресе мұғалімдер мен дәрігерлер және қызмет көрсету саласына деген сұраныс жоғары. Ұстаз Эльвира Кеңесбаева былтыр жазда қысқартуға түсіп, жұмыссыз қалған. Жарты жыл үйде отырған ол  бүгінгі жәрмеңкеге жұмыс тауып қалармын деген ниетпен келді.

Эльвира Кеңесбаева, қала тұрғыны:

Мен былтырғы жаздан бері жұмыс іздеп жүрмін. Өз мамандығым бойынша. Мен негізі мамандық бойынша химия пәнінен мұғаліммін. Бірақ қай жерге химия қажет болса, сол жерден мен жұмыс іздеп жатырмын. Осы жұмыс таба алам ба деген ниетпен келдім осы жерге. Көптеген кәсіпорындармен сөйлесіп, өзімнің жаңағы резюмемді қалдырып кеттім. Жұмыс таба алатын шығармын деген ниеттемін.

Осыған дейін өткізілген бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өзінің тиімділігін көрсеткен. Нәтижесінде  өткен жылы қалада жұмысқа зәру 21 мың азаматтың 17 мыңы тұрақты  жұмыспен қамтылды.

Алмажан Бақторазова, «Нұр Отан» партиясы Алматы қалалық филиалының қоғамдық қабылдау бөлімінің меңгерушісі:

Бұл жәрмеңкенің расында пайдасы көп. Көптеген жандар тұрақты жұмыс тапты. Өткен жылы «Нұр Отан» партиясы қаладағы «Жұмыспен қамту басқармасымен» бірігіп 12 жәрмеңке өткізді. Нәтижесінде жұмыс іздеген  21 мың  азаматтың 17 мыңы еңбекке тартылды. Ал бүгінгі жәрмеңке әйелдерге арналды. Мұнда олар тек түйіндемесін тастап ғана қоймай, жеке кәсіптерін ашуға мүмкіндіктер алды. Ол үшін кәсіпкерлікті қолдау қорынан кеңес беретін мамандарды шақырдық.