Русский Сайттың толық нұсқасы

СҚО-ға 5 өңірден құтқарушылар келді

  • AstanaTV
  • 10 сәуір 2024
  • 524

Солтүстік Қазақстан облысында 76 үй әлі де су астында, 600-ден астам адам эвакуацияланды. Бұл туралы өңір әкiмiнiң орынбасары Қанат Дүзелбаев айтып берді.

«Сергеев су қоймасының толымдылығы төмендеп келеді. Қазіргі сағатта судың толымдылығы 179,5% көрсетті, көтерілуі – 412 см, бұл кешегі күнмен салыстырғанда 13 см-ге төмен», - деді Қ. Дүзелбаев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, 103 үйдің 76-сы әлі де су астында қалып отыр. 676 адам эвакуацияланды, 44 адам үйге қайтарылды және 174 үйдің маңына су кірген.

Сонымен бірге, аймаққа Ұлытау, Түркістан, Қарағанды және Павлодар облыстарынан және Алматы қаласынан ТЖМ күштері келген.

«Облыста 59 жолды су шайды, 19 жолда әлі су бар. 8 учаскеде жол жабынына зақым келді. Қазір су сорғыту, арықтарды тазарту, каналдарды кеңейту, қапшық төсеу жұмыстары жүргізілуде. Петропавл қаласы мен Қызылжар ауданындағы елді мекендер айналасындағы қорғаныш үйінділерін нығайту жалғасуда», - деді спикер.

Сондай-ақ, тасқыннан келген шығынды өтеу туралы 11 өтініш келіп түскен, қазір бағалау жұмыстары жүріп жатыр.