Жұмыла көтерген жүк жеңіл! Су тасқанынан зардап шеккендерге көмектесуге барлығы бір кісідей атсалысуда. Құтқарушылар мен еріктілер тасқынмен күресте күн-түн демей қызмет етуде. Олар осындай қиын-қыстау кезде бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығару айрықша маңызды, - дейді. Жабырқаған жұртқа үміт сыйлаған жандар туралы әріптесім Аружан Задабек айтады.
Ауыл болсаң – қауым бол. Ел басына қиын сәт туғанда жұрт қарап жатпады. Кім қалай қол ұшын соза алады, солай көмектесті. Сен тимесең, мен тименің кебін киіп, үнсіз қалғандар кемде-кем. Барлығы сынақтан біріксек қана шыға алатынымызды ұқты. Ұқты да, әрекетке көшті.
Армангүл АСҚАРОВА, ЕРКІНҚАЛА АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Бір участокте 200 адамға дейін тұр екен. Сондықтан кісі саны, қол күші көбейіп жатыр. Соған қарамай, тағы тамақпен, тамақтармен, сусындармен қамтамасыз етуге өзіміз көліктермен әкеліп тастап, оларға жұмыс күшін тоқтатпауға мүмкіндік жасап жатырмыз.
Сын сағатта көмек қолын созған оралдық кірпіш зауыты жұмысын уақытша тоқтатып, ауласындағы 2 мың тонна құмды берген. Жігіттер жұмылып, әйелдер ас әзірлесе, ақжаулықты әжелер жақсы сөзін жаудырып жатыр.
Ауыр жұмысқа өз еркімен сұранған азаматтарды қаладағы 3 мейрамхана ас-сумен тегін қамтамасыз етіп отыр. Кәсіпкерлердің көмегімен 400 адамға күн сайын ыстық тамақ дайындалып жатыр.
Жазира СӘЛІМОВА, КӘСІПКЕР:
Елім деп, жерім деп жұмыс істеп жатқан ер азаматтарға, былайша айтқанда балаларымыз ғой риза болып, ерліктеріне сүйсініп алдағы уақытта да осылай жұмысымызды жалғастыра береміз. Бізге шығын. Бірақ Алланың разылығы үшін, өне бойы мен алам, мен алам деген болмайды ғой. Халықтың арқасында күнімізді көріп жатырмыз ғой, шыны керек.
«Әке, Ханторына құтқар». Бұл аудиожазбаны сіз де естіген боларсыз?! Балақай суға батқан атының фотосын көріп, әкесіне жылқысын құтқаруды тапсырады. Бұл желі қолданушыларының жүрегін елжіретті.
Аудионың авторы – 3 жасар Бибарыс. Күні кеше жылқыны жанындай жақсы көретін бүлдіршінге мәжіліс депутаты Қазыбек Әлішев Нәржебе деген бәйге атын сыйлады. Артынша ақын, депутат Аманжол Әлтай кішкентай батырды құттықтап, өлең арнады.
Басын бәйгеге тіккен азаматтар тұрғындарды қауіпсіз жерге көшіруге үлкен үлес қосты. Оны айтпаса да аңғарып отырмыз. Адам түгілі, малды да апат орнында қалдырған жоқ. Бірі қайықпен тасыды...
Иә, итің жақсы болса – ырысың, көршің жақсы болса – тынысың. Еліміз тасқын сумен күресіп жатқанда, көршілес жатқан мемлекеттер тыныш жатпады. Гуманитарлық көмек жіберді. Ал Дағыстандық Омарасхаб Ахмедов Атырау облысының суға кетіп жатқан әлеуметтік желіде көріп, 6 сәуір күні жолға шыққан. Өзімен бірге 50 мың қапшық әкелген.
Күн-түн демей апаттың бел ортасында жүргендер қанша?! Қызметкерлер үй бетін көрмей ел үшін қызмет етіп жүр. Олар да отбасын, балаларын сағанады... Бірақ сол жақындарының амандығы үшін су кешіп, ел кезуге мәжбүр.
Қазақ тарихында «мың өліп, мың тірілген» кезеңдер аз емес. Сол сәтте жұртты жұмылдырған – бірлік. Бұл кезең де артта қалады. Жұмыла көтерген жүк жеңіл!