Русский Сайттың толық нұсқасы

Дүниежүзілік көшпенділер ойынында қауіпсіздікті күшейту қажет - сенатор

  • AstanaTV
  • 11 сәуір 2024
  • 494

Сенатор Бибігүл Жексенбай адам көп жиналатын орындарда қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері туралы депутаттық сауал жолдады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Депутаттың айтуынша, Қазақстанда 7,9 млн шаршы метр сауда алаңы бар, бірақ олардың бестен бір бөлігі ғана сапа мен қауіпсіздік өлшеміне сай келеді. Ойын-сауық орталығындағы балалардың ойын бөлмесі екінші қабаттан жоғары емес және эвакуациялық есіктен 20 метр қашық болмауға тиіс.

Бірақ, сенатор өкінішке қарай көптеген сауда орталықтарында балалардың ойын аймағы жоғарғы қабатта орналасқанын, эвакуация жолы да жоқ екенін тілге тиек етті.

“Мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған эвакуация баспалдағында пандус жоқ. Сауда орталықтарында бір қабатта ондаған тамақтану орны орналасқан, олардың бәрі тамақ пісіретін қуаты жоғары техниканы қолданандықтан өрт тұтану қаупі артады. Құқықтық статистикаға сәйкес, 2023 жылы өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзғаны немесе сақтамағаны үшін 13 978 әкімшілік құқық бұзушылық тіркелген”, – деді Бибігүл Жексенбай.

Өрт қауіпсіздігі ережесін өрескел бұзып, құлыпталған немесе тіпті шынжырмен бекітіліп қойылған апаттық шығу жолдары, жарамдылық мерзімі өткен өрт сөндіргіш анықталған. Кейбірінде тіпті өрт сөндіру құралы болмаған, дабыл және өрт сөндіру жүйелерінің бұзылған.Мұның бәрі заң талабының орындалмауынан болып отыр.

“Сауда орталықтары ғимараттың техникалық жүйесін арнайы алгоритм бойынша басқаруға қабілетті жүйемен жабдықталуы тиіс. Бұл адамдардың бәрін белгілі бір уақытта өрт қаупінен қорғауға және сол арқылы қауіпсіз эвакуациялауға мүмкіндік береді”, – деп атап өтті депутат сенат отырысында.

Сонымен қатар сенатор әлемде лаңкестік шабуыл қаупі жиілеп кеткенін алға тартып, Астанада Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын өткізу кезінде сақ болуға шақырды. Ірі спорттық шаралардың қауіпсіздігі шетелдік және отандық тәжірибені ескеруді, қауіптің алдын алу үшін кешенді ұйымдастыру және құқықтық қолдау көрсетуді талап етеді.

"Сауда-ойын-сауық орталығындағы кіреберіс пен адам көп жиналатын жерлерде күзетті күшейту, қызметкерлердің нұсқама жүргізуі, сондай-ақ эвакуацияны қамтамасыз ету жүйесінің жұмысын қосымша тестілеу және жаттығу эвакуациясын жүргізу мен ауызша хабарлау өте маңызды. Жазғы демалыс алдында мектептерде және жоғары оқу орындарында оқушыларды қатыстырып қоғамдық қауіпсіздік бойынша арнайы оқу-жаттығулар өткізу қажет", – деді сенатор Жексенбай.

Бұған дейін лаңкестер чемпиондар лигасы кезінде шабуыл жасайтынын мәлімдеген еді. Еуропадағы футболдан чемпиондар лигасының матчтарында қауіпсіздік күшейтіледі. Алайда Мадрид, Париж және Лондондағы ойындар "Ислам мемлекеті" жиһадшылар тобынан төнген қауіп-қатерге қарамастан жоспар бойынша өтеді, деп хабарлады УЕФА. Француз және испан билігі де қауіпсіздік шараларын күшейтетінін растады.