Су тасқыны салдарынан қырылған мал саны 7 мыңнан асты. Бұл туралы ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің ресми өкілі Олжас Тілебалдин айтып берді.
«Қабылданып жатқан шаралар нәтижесінде су басу аймақтарынан қауіпсіз учаскелерге 112,5 мың бас мал эвакуацияланды. Өлген мал басы бойынша деректер үнемі жаңартылып отырады, бүгінгі таңда 7 035 мал тушасы анықталды, олардың басым бөлігі ұсақ мал», - деді спикер Республикалық ақпараттық штабта өткен брифингіде.
Республикалық эпизоотияға қарсы отряд облыс әкімдіктерімен бірлесіп, өлген мал-жануарды жинау және жою жұмыстарын жалғастыруда.
«Еске салайық, топырақта сібір жарасы спорасының болуына жүргізілген талдау теріс нәтиже көрсетті. Бүгінгі күні су басқан аймақтардағы эпизоотиялық жағдай тұрақты және Ауыл шаруашылығы министрлігінің бақылауында», - деп еске салды О.Тілебалдин.
Сондай-ақ, су тасқынына қарсы іс-қимыл жөніндегі республикалық штаб хаттамасымен өлген мал құнын өтеу алгоритмі бекітілді.
Аталған алгоритмге сәйкес су тасқыны салдарынан өлген ауыл шаруашылығы жануарларының барлық иелері өтемақы алуға құқылы.