Русский Сайттың толық нұсқасы

Омарташылар: Қазақстандағы бал өнімі экспортын 5 млн тоннаға дейін арттыруға болады

  • AstanaTV
  • 27 қаңтар 2017
  • 3327

Қазақстанның балы Аспан асты еліне биыл экспорттала бастайды. Бірақ бұл өнім Қытайдың сырттан келетін тауарлар тізіміне әлі енбеген. Емдік қасиеті мол отандық бал халықаралық сараптамадан өтіп, арнайы сертификатқа да ие болған. Омарташылар, егер мемлекет тарапынан бұл салаға қолдау болса, экспорт көлемін 5 млн тоннаға дейін арттыруға мүмкіндік барын айтады.

Бал арасының ұяшықтары арнайы жылы орынға жайғастырылған. Осы себепті бал өндірісімен айналысушылардың кәсібі қыстың күні де тоқтамайды. Себеп белгілі. Отандық омарташылар әлемдік нарықты жаулауға ниетті. Солардың бірі - Игорь Рукавицын. 20 жылдан бері осы салада жүрген ол экспортқа шығудың омарташылыққа пайдасы орасан екенін жақсы түсінеді. Оның айтуынша, қазақстандық алтай балына нарықта тең келер өнім жоқ.

Игорь Рукавицын, бал шаруашылығы өнімдері өндірісінің директоры:

Экспорт біз үшін өте тиімді болмақ. Біз тұрақты тұтынушы табамыз. Қытайлық серіктестер бізден қанша өнім сұраса, сонша мөлшерді қамти аламыз. Сонымен қоса, бұл жаңалық омарташылық кәсіпке қызығушылар мен қаржы көзіне де жол ашады, деп ойлаймын.

Өткен жылдың қыркүйегінде Шығыс Қазақстан облысына Қытайдан сарапшылар мен бал өндірушілердің халықаралық «Апимондия» қауымдастығы өкілдері келген еді.  Балдың түсі, жұпар иісі ғана емес, өндіру жолдары мен бал араларына дейін сараптаудан өткізілген.

У нас ни одной капли антибиотиков здесь нет. Ни пестицидов, ни сектицидов, все чисто, экологически чисто.


Тургул Чармаш - бал өндірушілер қауымдастығының мүшесі. Түрік елі бұл салада көлемі жағынан әлем бойынша екінші орында. Алайда қазақстандық бал өзіндік қайталанбас қасиетімен ерекшеленеді,- дейді.

Тургул Чармаш, Түркия омарташылар қауымдастығының бас хатшысы:

Біздің ел балмен қамтуда Қытайдан кейінгі екінші орында. Бірақ сіздердегі балдың дәмі ерекше. Мен екінші күн әртүрінен дәмін татып жүрмін. Тамаша. Өнім табиғи, химиялық қоспасыз. Осы сапалы тауармен үлкен нарыққа шықсаңыздар, ешкім бәсекелес бола алмайды.

Айта кетейік, 90-жылдары Қазақстан жылына 50 мың тоннадан астам бал экспорттаған. Яғни әлем бойынша бұл салада төрттікке кіретін. Ал бүгінде оның мөлшері болмашы ғана. Бірақ мамандар омарташыларды көбейту арқылы экспорт көлемін жылына 5 миллион тоннаға дейін арттыруға болады деп отыр. Бастысы - Қытайдың экспорттық тауарлар тізіміне ену. Ал сұраныс бар. Қазірдің өзінде құрамында 650 пайдалы элементі бар өнімнің бірнеше түрін тонналап алуға әзір.

Игорь Рукавицын, бал шаруашылығы өнімдері өндірісінің  директоры:

Қазір біздің ветеринарлық қызмет қытайлық карантинді қызметтегілермен тығыз әрекет етулері керек. Сол кезде біз бал өндіруші ретінде Қытай нарығына кіре аламыз. Үлкен нарыққа жол ашылса, оларды қамтуға  қауқарлымыз.

Биылдан бастап бал шаруашылығы ауыл шаруашылығындағы басым бағыттағы бағдарламаларға енді. Алдағы бес жылда мемлекет омарташылықты дамытуға 2,4 триллион теңге бөлуді жоспарлап отыр. Ол кезде омарталар саны артып, инфрақұрылым жақсармақ.

Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ