Русский Сайттың толық нұсқасы

Қазақ-қырғыз шекарасында көлік кептелісі азаяды. 2028 жылға дейін бекеттер жаңғыртылады

  • AstanaTV
  • 19 сәуір 2024
  • 461

Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қырғызстанмен бірқатар құжатқа қол қойғаннан кейін БАҚ өкілдеріне берген мәлімдемесінде айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Қазақ инвесторлары қырғыз экономикасының маңызды секторларын дамытуға, әлеуметтік ахуалды жақсартуға үлес қосып келе жатыр. Мысалы, Қазақстан кәсіпкерлерінің қаржысына Ыстықкөл облысында күн энергиясы стансасын салу жоспарланып отыр. Бұдан бөлек, ферроқорытпа зауытын салу жөнінде келіссөз жүргізіліп жатыр. Бірлескен кәсіпорындар тиімді жұмыс істеуі үшін қолайлы жағдай жасауға келістік, - деп айтты Мемлекет басшысы.

Осы орайда бүгін өзара инвестицияларды қорғау жөнінде келісге қол қойылды.

Сондай-ақ электронды үкімет жүйесін енгізуге және дамытуға уағдаластық. Экономиканы цифрландыру үшін тәжірибе алмасу және ақпарат саласындағы ынтымақтастықты нығайту туралы келістік. Екі елдің арасындағы алыс-берісті жандандыру маңызды міндеттің бірі. Осы орайда шекара арқылы жүк өткізу мүмкіндігін арттыру және оны рәсімдеуді жетілдіру үшін нақты шаралар қабылданып жатыр. Мысалы, еліміз Қарасу, Бесағаш, Сарытөбе, Айша бибі, Сыпатай батыр кеден бекеттерін жаңғыртуға кірісті, - деді Тоқаев.

Президенттің айтуынша, осы бекеттердің бәрінде цифрлық технология енгізіледі. Бұл ауқымды жұмысты 2028 жылға дейін аяқтау жоспарланып отыр. Мұның бәрі жолаушылар мен көліктер санын едәуір арттыруға мүмкіндік береді. Келісім бойынша қырғыз тарапы да тиісті жұмыстарды атқарады.

Осы ретте бүгін автобекеттерді дамыту туралы іс-шаралар жоспарына қол қойылды. Басты мақсат шекарадағы тексерісті азайтып, көлік кептелісін жою. Бұл жұмыс екі ел үкіметтерінің ерекше бақылауында болады, - деп түсіндірді Қасым-Жомарт Тоқаев.