Русский Сайттың толық нұсқасы

«Жаңа Заң еліміздегі отбасы институтын нығайтуға септігін тигізеді»,- сарапшы

Жаңа Заң еліміздегі отбасы институтын нығайтуға септігін тигізеді. Сарапшылар күні кеше ғана тұрмыстық зорлық-зомбылыққа жазаны күшейтетін нормалар жайлы осылай деп пікір білдірді. Енгізілген өзгертулер мен түзетулер кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін нығайтады. Енді оларға қатысты қиянат жасаған адамға жеңіл жаза тағайындауға тыйым салу көзделген.

Жаңа Заң аясында балаларға қатысты кез келген сипаттағы зорлық-зомбылық үшін жауапкершілік қатаңдатылмақ. Бұдан былай

- кәмелетке толмаған балаға аса қатыгездікпен денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтірген адамға бас бостандығын екі жылға дейін шектеу немесе бас бостандығынан екі жылға айыру жазасы қолданылады.

- педофилияға өмір бойына соттау жазасы белгіленеді.

- кәмелетке толмағандарды жәбірлегені, яғни, буллинг үшін әкімшілік жауапкершілік енгізілді.

Айман ОМАРОВА, ЗАҢГЕР:

Кішкентай балаларды зорлау деген, педофилия деген ұлғайып кетті. Жасөспірімдерді егер де зорлайтын болса немесе сол зорлық-зомбылық сияқты сипаттау әрекеттері болса, өмір бақи түрмеде отыратын болады. Альтернатива жоқ. Бұрын альтернатива болған.

Зерттеулерге сәйкес, 11-15 жас аралығындағы балалар буллингке ұшыраса, олардың мектепті сәтті аяқтау көрсеткіші 13 процентке төмендейді. КТМ: Енді білім беру ұйымдары кәмелетке толмағандар жасаған немесе оларға қатысты жасалған заңға қайшы әрекеттер туралы құқық қорғау органдарына дереу хабарлауға міндетті. Бұдан бөлек тиісті органдар балалар бар мекемелерді кедергісіз тексеру құқығына ие болды.

Баян ЖАНДОСОВА, «ШЫМКЕНТ ҚАЛАЛЫҚ ӘЙЕЛДЕР КЕҢЕСІ» ҚОҒАМДЫҚ БІРЛЕСТІГІНІҢ ТӨРАҒАСЫ:

Буллинг, кибербуллинг желіде көп болып кетті ғой балалар өздерін-өзі түсіріп ұрған-соққанын. Қазір енді айыппұл ата-аналарына салынады. Жазда демалатын лагерьлар да лицензия алу керек. Содан кейін айтпай сол мекемелерге тексеру болатын болды қазіргі осы Заң бойынша.

Сондай-ақ Заңға сәйкес, отбасы мүшелерін қорғау мақсатында сотқа аса қажет болса, олардың бір шаңырақ астында тұруына тыйым салу құқығы беріледі.

Ақнұр ИМАНҚҰЛ, ҚҚДИ ОТБАСЫ ЖӘНЕ ГЕНДЕРЛІК САЯСАТ САЛАСЫНДАҒЫ ЗЕРТТЕУЛЕР ОРТАЛЫҒЫНЫҢ САРАПШЫСЫ:

Отбасы институтының қаншалықты берік екенін тексереді бұл Заң. Отбасы бала үшін ең қолайлы әлеуметтену ортасы. Баланы бірден тартып алмайды ғой. Онда тексеру жұмыстары болады, ата-анаға диагностика жасалады. Ол- ұзақмерзімді процесс. Сондықтан да ондай қарама-қайшы пікірлерден алыс болған жөн.

Мөлдір ЖАҚАН, ТІЛШІ:

Қабылданған Заңда балаларға қатысты жасалған барлық қылмыстар бойынша татуласу рәсімі алынып тасталды. Еске салайық, заң жобасы 2020 жылы мәжілісте бірінші оқылымнан өткен. Оны дайындауға түрлі сарапшылар мен мемлекеттік органдардан тұратын үлкен топ жұмыс істеді. Көптің пікірі ескеріліп, Президент қызу талқыға түскен Заңға қол қойды. Басты мақсат - әйелдердің құқықтарын қорғау, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету.