Русский Сайттың толық нұсқасы

Қарағанды облысында екіқабатты үйде жертөле құлап, тұрғындар далада қалды

  • AstanaTV
  • 30 қаңтар 2017
  • 3716

Қарағанды облысының Ақтас ауылында екіқабатты үйдің жертөлесі құлап, 5 отбасы далада қалды. Бар салмақты көтеріп тұрған жертөленің қалқан қабырғалары кенеттен опырылып түскен. Төтенше жағдайдан соң тұрғындар қауіпсіз жерге көшірілді.

Темірбек Мариза, Ақтас ауылының тұрғыны:

Тамақ ішіп отырдық. Сол кезде сықыр басталды. Пол құлап кетті. Мен бала-шағамды алып, жүгіріп шықтым. Білмеймін енді, акимат маған уақытша үй де берген жоқ. Жолдасымның үйінде тұрып жатырмын.

Үйдің бірінші қабатындағы пәтерлер мүлде еденсіз қалған. Тұрғындар жертөленің қабырғалары құлаған соң, үйде сызат пайда болғанын айтады. Сондықтан баспаналарына қайтып оралуға қорқып отыр. Апаттың нақты себебі мен үйдің техникалық жағдайын мамандар тексеріп жатыр. Олар үйдің адам тұруға қаншалықты жарамды екенін анықтайды. Ал 5 отбасы әзірге туыстарының үйін паналап жүр.

Нұрлан Садықов, Ақтас ауылы әкімінің орынбасары:

Үй ары қарай тұруға жарай ма, жоқ па дегенді дәл қазір айту қиын. Мамандандырылған мекемелер бағалаған соң ғана белгілі болады. Негізі тұрғын үй қатынастары туралы заң бойынша үйдің жағдайына пәтер иелері жауапты. Бұл жертөлеге де қатысты.