Русский Сайттың толық нұсқасы

"Мектеп директорларына айыппұл салу проблемасы ушығып барады" – депутат

  • AstanaTV
  • 22 сәуір 2024
  • 579

Бұл туралы Мәжіліс депутаты Асхат Аймағабетов Телеграм каналында жазды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Мектеп, аурухана, балабақша, колледж сияқты бюджеттік мекемелердің директорларына жүз мыңдаған айыппұл салу проблемасы ушығып барады. Кейін сол 500-600 мың айыппұлды директор қалай және кімнен жинайтыны айтпаса да түсінікті ғой.

Мектеп директорларын мектептің үш ауысымды болғаны үшін немесе құрал-жабдықтары мен лабораториялары жеткілікті деңгейде болмағаны үшін айыппұл төлеуге мәжбүрлеу әділетсіз. Өйткені, егер мектеп үш ауысымды болса, бұл директордың кінәсі емес, әкімшіліктің кемшілігі. Бұған қоса, мемлекет тарапынан мектептердің жеткіліксіз қаржыландырылуы да осы мәселелерге әкеледі, - деп жазды ол.

Депутаттың пікірінше, құзыретіне жатпайтын, яғни тікелей әсер ете алмайтын мәселелер үшін айыппұл салуды тоқтату қажет.

Сондай-ақ, дәрігерлерді өз мамандығынан тыс жұмыс істеуге тартқан, қажетсіз есептерді талап еткен үшін жауаптылыққа тарту құзыретін полициядан алып, бұл өкілеттікті Денсаулық сақтау министрлігінің комитетіне беру ұсынысымды білдірдім.

Кезінде біз дәл осындай шешім қабылдап, соның арқасында қағазбасылықпен, мұғалімдерді өзіне тән емес жұмысқа тарту проблемасымен күрес нәтижесін берген болатын. Сонда біз мыңдаған заңды бұзған басшыларды жауапкершілікке тартып, осылайша беттерін қайтарып, жағдайды өзгерткенбіз. Тиісті түзетулерді бердік, - деп жазды Аймағамбетов.