Каспий теңізіне су тасқынынан кейін тасыған Жем өзені құйып жатыр. Соңғы рет бұл су арнасы осыдан 31 жыл көтерілген. Бұл туралы KAZINFORM хабарлайды.
Өзен суларының теңізге құюынан кейін Ақтауда жергілікті тұрғындар әлеуметтік желіде бейнежазба жариялап, жағадан ұзап кеткен судың қайта көтерілгенін айтуда. Сонымен бірге, бұл туралы республикалық телеарналар теңіз суының молая түскені туралы сюжет көрсеткен болатын.
Алайда маңғыстаулық белгілі эколог Орынбасар Тоқжанов мұны жоққа шығарды.
Оның айтуынша, бұның барлығы Каспий теңізінде жел кезінде болатын қалыпты құбылыстың салдарынан болады.
«Каспий суының деңгейі көтерілді деген хабар шындыққа еш жанаспайды. Себебі, бұл аз ғана күнде жүзеге асатын құбылыс емес. Жайық арнасынан асты деген қауіп туындағанымен, әзірге өзеннің мол суы Атырау облысына жеткен жоқ. Сондықтан әзірге Каспийге жылдағыдан мол су құйыла қоймады. Әрі солай болған күннің өзінде бұл жағдай теңізге тиген тамшыдай ғана әсер етеді. Ал тұрғындардың жағалаудағы су көтерілді деп жүргені ол желге байланыс нәрсе. Мәселен, жел құрлықтан теңізге қарай соқса, су жағадан алыстай түседі. Ал керісінше соқса құрғап қалған жағалауға су келе бастайды», - дейді эколог.
Оның сөзінше, Каспийдің солтүстігінде Бозащыда бірнеше жылдар бұрын теңізден құрлыққа соққан желдің салдарынан су он шақырымға дейінгі аумаққа жайылып, тұрғындарға зиянын тигізген көрінеді.
Сонымен қатар, биыл тасыған Жем өзені 31 жылдан кейін алғаш рет Каспий теңізіне құйып жатыр.
«Жем өзені соңғы реті 1993 жылы теңізге келіп құйды. Оның алдында 1965 жылы тасыған еді. Одан бұрын 1942 жылы көктемде су көтерілген. Оның ұзақ жылдар бойы тартылуына өзеннің басталатын аумағында қар жұқа түсіп, жауын аз болғаны кесірін тигізеді», - дейді эколог.
Эколог теңізге келетін тұщы судың Каспийдегі жәндіктерге әсері туралы да атап өтті.
«Каспийге құятын 130 өзеннің барлығының суы тұщы. Сондықтан оның су жануарларына, балықтарға ешқандай әсері болмайды. Жалпы, теңіз бен мұхитқа құятын кез келген өзеннің суы тұщы. Сондықтан оның бәрін теңіз жұтып алады да судың жайы өзгереді. Бұдан келетін ешқандай қауіп жоқ», - дейді О.Тоғжанов.
Жалпы, 1930 жылы Каспийдің жалпы ауданы 442 мың шаршы километр болса, соңғы жылдары шамамен 371 мың шаршы километрге дейін азайып, тоқсан жыл ішінде он жеті пайызға дейін кеміген. Ал 2008-2023 жылдар аралығында теңіздің қазақстандық бөлігі тағы 8121,5 шаршы километрге азайғаны белгілі болып отыр.