Русский Сайттың толық нұсқасы

"Жеке меншік клиникаларды ешкім қадағаламайды", - психиатр

  • AstanaTV
  • 25 сәуір 2024
  • 596

Елімізде әрбір бесінші жас лудоман десек, ресми түрде есепке алынғаны -9. Қазір республикалық психикалық денсаулық орталығында құмар ойынға тәуелді 13 адам ем алуда. Мамандардың айтуынша, ем кем дегенде 1 жыл жүруі қажет.

20 жасынан бастап құмар ойын ойнап, отбасының берекесін қашырған қарағандылық жігіт лудомандарды емдейтін жеке клиникада ем қабылдап жатыр. Оған айына 400 мың теңге төлейді. Бір емес, бірнеше мәрте емдік курс қабылдаған Әлихан орталыққа бірнеше млн теңгесін жұмсаған.

Әлихан, ҚАРАҒАНДЫ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Негізі мен де бірінші рет емес, бесінші реабилитация. Төрт реабилитация под давлением, өздері әкелді әке-шешем. Осы жолы мен өзім келдім. Өзім кінәлі деп есептеп жүргенмін. Ата-аналарым маған ақша төлеп реабилитацияға, қалай мен срывқа кеттім деп.

Жеке клиникада ем қабылдаған лудомандардың дені Әлихан секілді мұнда қайта айналып келеді. Себебі ондағы ем-дом шараларын науқас өзі қалаған уақытта тоқтатып, қалаған уақытында қайта жалғастыра алады. Ал лудомания -ұзақ уақытты қажет ететін сырқат. Сондай-ақ бұл жеке клиникалар денсаулық сақтау министрлігіне есеп бермейді.

Гүлнұр Атамбаева, ҚР ДСМ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ПСИХИКАЛЫҚ ДЕНСАУЛЫҚ ҒЫЛЫМИ-ПРАКТИКАЛЫҚ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ПСИХИАТР ДӘРІГЕРІ:

Жеке меншік клиникаларды ешкім қадағаламайды. Олар жеке меншік болғаннан кейін әр клиниканың өз бекітілген программасы бар. Сол программа бойынша науқастарға көмек көрсетеді. Ол жерде арнайы ереже де жоқ. Жеке меншік ауруханаларды қадағалау әзірше, менің ойымша кішкене төмен деңгейде.

Талай отбасының ойранын шығарған құмар ойынды тоқтату үнемі айтылып келеді. Қазір ойын бизнесі туралы заң жобасы Мәжілісте талқыланып жатыр. Халық осы заңның тезірек қабылданғанын асыға күтіп жүр.

БЛИЦ-САУАЛНАМА:

- Лото клубтарды жабу керек, ол жастарға өте көп зиян келтіреді.

- Отбасыға зиян, жастарға да зиян. Қазір қаптап кетті ғой.

- Қарызға батып жатыр. Жерін сатып жіберетіндер бар. Негізі жапқан дұрыс, ойын құмарлар азаяды.

- Жасөспірім бала-шаға бар дегендей, олар оны көреді, оны ойнайды. Жабу керек.

Лудомандарды емдейтін орталықтардың құны бір адамға айына орта есеппен 500 мың мен 1 млн теңгенің арасында. Мамандардың айтуынша, бір адамның еміне 2-3 млн теңге кетеді. Ойын құмарлар осынша қаражат жұмсағаннан кейін бәс тігуден бас тартса жақсы. Көп жағдайда олар орталықтың есігін қайта қағады.