Русский Сайттың толық нұсқасы

«Наурыз» ипотекасына бір тәулікте 1 124 өтінім түскен

  • AstanaTV
  • 26 сәуір 2024
  • 460

«Отбасы банктің» баспасөз қызметі «Наурыз» тұрғын үй бағдарламасының басталған алғашқы күннің нәтижелерін жария етті.

«Алғашқы күннің қорытындысы бойынша қазақстандықтар бас-аяғы 3 347 өтінім жолдады. Тұрғын үйі барлар мен депозитін қажетті сомаға, 1 млн теңге толтырмағандардың өтінімдері кері қайтарылды. 1 124 өтінім сәтті қабылданды, олардың жартысы тұрғын үй кезегінде тұрған халықтың әлеуметтік осал топтарының өкілдерінен келіп түсті», - деп жазылған мәліметте.

Банк мәліметі бойынша, «Наурыз» бағдарламасына қатысуға ниет білдірген қазақстандықтар арасында 24 пен 35 жас аралығындағы жас қазақстандықтар көш бастап тұр.

«Тұрғын үй сатып алу үшін ең көп таңдалған үздік бес аймақтың қатарына Алматы, Шымкент, Ақтөбе мен Маңғыстау облыстарымен бірге Астана да кірді.
Баспана маркет платформасы (otbasybank.kz) сағатына орта есеппен 400 өтінімді қабылдап, өңдеді. «Наурыз» бағдарламасы бойынша өтінімдер жұмыс күндері сағат 9.00-ден 21.00-ге дейін қабылданады.
Қатысушыларды дүрліктірмеу үшін өтінімдерді қабылдау мерзімі барынша ұзартылды. Ол 25 сәуірден 30 маусымға дейін, екі ай бойы жалғасады. Сондай-ақ өтінім беру күні мен уақыты ұпай санағанда ескерілмейді.
Сондықтан банк салымшылары асықпай өз депозиттерін толықтырып, қажет болған жағдайда оны туыстарының депозиттерімен біріктіріп, бағдарламаның шарттарымен мұқият танысып, содан кейін ғана өтінім беруге кірісе алады.
Өтінімдерді қабылдау мерзімі аяқталғаннан кейін саралау басталады. Бағдарламаға қатысушылар тізіміне ең көп ұпай жинаған үміткерлер кіреді», - деп жазады «Отбасы банк» мамандары.