Русский Сайттың толық нұсқасы

Шымкентте жылу өндіруші жалғыз кәсіпорын газсыз қалуы мүмкін

  • AstanaTV
  • 01 ақпан 2017
  • 2766

Шымкенттегі негізгі жылу өндіруші нысан газсыз қалмақ. «ҚазТрансГазАймақтың» Оңтүстік Қазақстан өндірістік филиалы «3-Энергоорталық» мекемесіне көгілдір отын беруді ертеңнен бастап тоқтатады. Газға жауаптылар уағдаласқан екі апта мерзімнің аяқталғанын айтып хат жолдаған.

Орталық басшылары қарызды өтей алмауымызға жылуды таратумен айналысатын «Қуатжылуорталық-3» мекемесі кінәлі деп отыр. Себебі 2015-16 жылыту маусымына қордаланған қарыз 2 млрд 200 млн теңгенің үстінде. Ал биылғы қаңтарда тұрғындар 600 млн теңгенің жылуын пайдаланыпты. Қуатжылулықтар соның тек 117 млн теңгесін ғана жиып берген. Қысқасы, осыдан екі апта бұрын қарыз көлемі 1 млрд 800 млн теңге болса, қазір ол 2 миллиардтан асты. Тығырыққа тірелген алпауыт мекеме енді жергілікті биліктен үміт күтеді.

Жарқынбек Әлімбетов, «3-Энергоорталық» АҚ бас директорының орынбасары:


Егер олар газ беруді тоқтататын болса, онда біз, амал жоқ, мазутқа көшеміз. Оның да мөлшері бір аптаға жетер жетпес шамада. Одан кейінгі қаланың жағдайы қалай болатыны белгісіз, мысалы, мынау қала әкімдігі, одан кейін барып «Қуатжылуорталық-3» МҚК шұғыл жұмыс істемесе, онда барлығымыздың да жағдайымыз мүшкіл болады-ау деген қауіп жоқ емес.

Қазір «3-ЭнергоОрталық» алып отырған газ қажетті мөлшерден үш еседей аз. Жылу температурасын сақтау үшін ыстық су мен электр энергиясын өндіру сынды шаруалар уақытша тоқтаған. Ал  «Қуатжылуорталық-3» мекемесі, жылу ақысын кестеге сәйкес өндіріп отырмыз, дегенді көлденең тартты. Қаңтардың басындағы берешектің 400 млн теңгесін екі аптада жиып үлгердік дейді.

Әбсаттар Душанов, «Қуатжылуорталық-3» МКК сату бөлімінің басшысы:


Қарызды өндіруде әкімдікпен бірлесіп жұмыс істеп жатырмыз. Күн сайын 20 млн теңгедей жиналады. Екі мекеменің де шоты бұғатталған. Сол себепті ақша бірден газға аударылады. 500 млн теңге несие алу жағын да қарастырып жатырмыз. Бұдан бөлек қала басшыларымен газды өшірмеу туралы мәміле жасасу көзделуде.