Русский Сайттың толық нұсқасы

Өскеменде 2 мыңға жуық үйді су басу қаупі бар

  • AstanaTV
  • 01 ақпан 2017
  • 3354

Өскеменде ақпан айының өзінде 2 мыңға жуық үй су астында қалу қаупі бар. Осыған орай төтенше жағдай мамандары тұрғындар арасында ескерту жұмыстарын жүргізуге белсенді кірісті. Сақтық үшін арықтарды тазалап, оларды қар және қоқыс қалдықтардың бітеп қалуына жол бермеу керек деген тұжырым жасалды. Құтқарушылар болса осы бастан құрал-саймандарын дайындап, табиғаттың тосын құбылысына сақадай сай отыр.

Сергей Мазницын қыс бойы ауласына жауған қалың қармен арпалысып келеді. "Көктем келісімен, аула көлге айнала ма" деген тұрғынның қаупін ТЖ мамандары да растап отыр. Оның үстіне екі-үш күнгі жылы ауа райы да, су тасқыны болатынын анық байқатқан.

Сергей Мазницын, Өскемен қаласының тұрғыны:

Құтқарушылар су үйге келмеу үшін арық жасап қойған дұрыс деп отыр. Үйдің маңын барынша судан қорғау керек. Қалған қарды арықтан әріге қарай лақтырып тастауға тырысып жатырмыз. Сонда қауіпсіздеу бола ма деген үмітіміз бар.

ТЖ басқармасы Өскемен қаласындағы 30 шақты көше ақпан айында су құрсауында қалуы мүмкін деген болжам жасап отыр. Себебі ауа райы осы айда әлде қайда жылы болады, жаңбыр мол түседі деген болжам бар. Сондықтан мамандар сақтықта қорлық жоқ екенін ескеріп, тиісті шараларды күшейткен.

-Здравствуйте, с управления по ЧС города Усть-Каменогорска, перед паводкоопасным периодом памятки раздаём.  -Каждый год вас встречаем.

Валентин Литвиненко, Өскемен қ, Азаматтық қорғаныс және төтенше жағдай басқармасының басшысы:

Арықтарды аршу барысында әсіресе дұрыс жұмыс жасау қажет. Сонда ағын су дұрыс бағытта кетеді. Қарды оңды-солды лақтыра берудің қажеті жоқ. Әйтпесе осының әсерінен арықтардың жолы бітеліп қалады.

Құтқарушылар ағын судың алдын алғанымен, алапат су бағытын қай жаққа бұратыны әзірге белгісіз. Бұған дейін де су құрсауында қалған қауіпті аймақтар қазірдің өзінде құм толы қаптарын дайындап, белді бекем буып отыр. ТЖ мамандары қауіпті аймақтағы тұрғындарға ескертпе парақшалар таратуда. Онда жедел қызмет көрсету бөлімдерінің телефон нөмірлері және төтенше жағдайда не істеу керектігі жазылған. Дәрі-дәрмек, азық-түлікпен қатар жылы киімдер мен құжаттарды ала шыққан жөн екенін ескертуді де ұмытпады.

Дәуренбек БАҚДӘУЛЕТ