Русский Сайттың толық нұсқасы

Елорда айналасындағы "Жасыл белдеуде" 700 қырғауыл бар

Елорданың айналасын жасыл белдеу қоршап жатыр. Орталық Азиядағы ірі баламасы жоқ жоба экологиялық орта жасауды мақсат етті. Орманды алқаптың аумағы жылдан жылға кеңейе түскен. Бас шаһардың құрғақ дала аймағында жасанды түрде құрылған жасыл- желек қала климатының жайлы,тұрғындар үшін қолайлы болуына ықпал етуде дейді экологтар.

Жанбота ХАШХЫНБАЙ, ТІЛШІ:

Осыдан 26 жыл бұрын егілген көшеттер бүгінде саясы бой көтерген алып орманға айналған. Жасыл белдеу табиғатының жанды баурап тыныштыққа бөлетіндей әсер беретініне көз жеткізуге болады. Жапырағын жайып, жайқалған орман ағаштары бүгінде тамырын тереңге жайған.

Жазық даладағы жасыл аймақ қаланың экологиялық жағдайына оң әсер етті. Ауа сапасы жақсарды. Климат жұмсара түсті, қалада жел мен шаң азайды.

Уәлихан МҰХАМЕДЖАНҰЛЫ, ҚОРШАҒАН ОРТАНЫ ҚОРҒАУ ЖӘНЕ ТАБИҒАТТЫ ПАЙДАЛАНУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ:

1998 жылғы уақытпен салыстырғанда қазіргі борандардың саны екі есе азайған.Жазғы уақытта шаңды тозаңды желдердің саны 3 есе азайған .Арнайы мамандармен біздің қаламыздың климатына бейімделген ағаштар таңдап алған болатын.Жалпы айтқанда экологиялық қолайлы жер,аңдарға да адамдарға да.

Жасыл белдеуде 34 түрлі ағаш бар. Аумақ 8 орманшылыққа бөлінген: «Қызылжар», «Ерейментау», «Аршалы», «Вячеслав», «Бозайғыр», «Астана» және «Батыс». Бұл учаскелер елорданы қоршап тұр. Әр аумақ ерекше бақылауда.

Ардақ АЙДАРҰЛЫ, "АСТАНА ОРМАНЫ" МЕКЕМЕСІНІҢ БАС АГРОНОМЫ:

 Тәулік бойы кезекшілік жұмыстары жүргізіледі.Ол үшін біз алты пост орнатқанбыз.Ол посттарда 45 орманшы кезекпен күндіз -түні қызмет атқарып жұмыс жасайды.Олардың қарамағында 4 су таситын машина бар және 2 өрт сөндіргіш машина бар.Соның арқасында бүгінге дейін орманды аман сақтап келе жатырмыз.Суару бойынша 6 жоба бойынша суару жұмыстары жүргізіледі..

Орманда жан-жануарларға да айрықша көңіл бөлінеді. Жасыл-желекпен бірге жануарлар әлемі де бірге дамып жатыр. Мұнда өзідігінен пайда болған жануарлардың біріншісі -қоян. Сондай ақ түлкі, қарсақ жиі кездеседі.

Лаура МАЛИКОВА, ЭКОЛОГ:

Қазіргі уақытта өзінің экожүйесі бар,қояндары бар құстары бар қала тұрғындарының демалатын жеріне айналды.Жасыл белдеудің қалаға әсері жағына келетін болсақ .Жыл сайын жасылдандыру көгалдандыру жұмыстары жүреді,Астананың белдеуінде бізде жапырақты ағаштар отырғызылған қаланың микроклиматына оң әсерін тигізеді.

Орманды зиянкестерден қорғау үшін 1800 қырғауыл жіберу жоспарда бар. Сондай-ақ қырғауылдарды өсіру қаланың биоалуантүрлілігін сақтауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар ол зиянкестермен биологиялық күресу арқылы орман екпелерін сақтауға ықпал етеді. Қазір жасыл белдеудегі қырғауыл саны 700-ге жеткен.