2 мамырда Ақмола облысында Зеренді аудандық соты "Електі" тау шаңғысы курортының аумағында демалыс қызметін көрсеткен жауапкершілігі шектеулі серіктестік директорының ісін қарады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Директор демалушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етпеген деп айыпталды. Демалыс орталығында жасөспірім қаза тауып, тағы екі турист жараланған екен.
Жауапкершілігі шектеулі серіктестік әкімшілігі балаға қауіпсіздік ережелерін түсіндірмей, оны шаңғы трассасына түсіріп жіберген. Бала тік баурайдан түсіп келе жатып, қоршалмаған ағашқа соқтығысып, салдарынан жарақат алып, көз жұмды.
Сонымен қатар маршрут учаскелерінде жол белгілері, қорғаныс торлары, ескерту белгілері, қорғаныш төсеніштері, ағаштардың алдындағы қоршаулар болмаған. Базада медициналық персонал жоқ, күтпеген жағдайлар туындаған жағдайда әрекет ету алгоритмі көрсетілмеген.
Қайғылы оқиғадан кейін ЖШС директоры бұзушылықтарды жою бойынша іс-шараларды тоқтатпастан, қызмет көрсетуді жалғастырып, келушілерге шаңғы трассасын беріп, тағы екі шаңғышының денсаулығына ауыр зиян келгеніне себепші болды.
"Ауа райының қолайсыздығына қарамастан ЖШС көтергішті іске қосып, жол бойымен түсуге рұқсат берді, нәтижесінде туристің бел омыртқасы сынған , тағы бір адам құлап, оң жақ бүйрегі жарақаттанған", – деп хабарлады соттың баспасөз қызметі.
Соттың үкімімен тау шаңғысы курортының директоры үш жылға қызмет көрсету саласында жұмыс істеу құқығынан айырыла отырып, төрт жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесілді.
“Жәбірнуші Т. мен Д. пайдасына 10 миллион, ал М.-ға 3 миллион теңге моральдық өтемақы өндірілді”, – делінген хабарламада.