Русский Сайттың толық нұсқасы

Қызылжарда энергетиктер жылу жүйесіндегі пластик құбырларды ауыстыруды талап етуде

  • AstanaTV
  • 02 ақпан 2017
  • 3493

Жылыту маусымы кезінде жиі орын алатын коммуналды апаттарға жертөледегі пластикалық құбырлар себеп. Қызылжардағы жылуға жауаптылардың пайымы осы. Биыл қыста 3 тұрғын үйдің жылу жүйесінде апат тіркелді. Мамандар пластикалық құбырлар қысымға шыдас бермей жарылатынын айтып отыр. Шахардағы көпқабатты баспаналардың 60 пайызында тап осындай құбырлар орнатылған.

Бейбітшілік көшесіндегі көпқабатты үйдің пәтер иелері кооперативі желілерді жаппай металл құбырға ауыстырып жатыр. Кооператив төрағасының айтуынша, былтыр жертөледегі пластик құбырлар бірнеше рет сыр берген. Осының кесірінен тұрғындар суық пәтерде отыруға мәжбүр болыпты.

Максим Ананьев, пәтер иелері кооперативінің төрағасы:

Пластикті ыстық суға қоюға болады. Онда судың температурасы әрі кетсе 50 градус. Ал жылу құбырларында температура 70 градус. Полиэтиленді құбырлар оған шыдас бермейді. Сондықтан тұрғындардан қаражат жинап, оларды алмастырып жатырмыз.

Жылу таратушы компания пластик құбырларын қолдануға тыйым салған. Алайда, бұл талапты елеп жатқан жан жоқ. Мәселен, жазды күні жылыту маусымына әзірлік жүргізу барысында қатарынан 5 тұрғын үйдің құбырлары жарамсыз күйге түскен. Осыған байланысты коммуналдық кәсіпорын ел арасында насихат жұмыстарына кірісті.

Александр Захарьян, "Петропавл жылу жүйелері" ЖШС бас инженері:

Жаңа тұрғын үйлерге пластик құбырлар тартылған. Бірақ онда құбырлардың қысымын бақылайтын арнайы құрылғы тұр. Бағасы бір миллион теңге шамасында. Қалтаға салмақ түсіретін болғасын, ескі үйлердің тұрғындары оны алмайды. Қарапайым пластик құбырларын орната салады. Бірақ оның жарамдылық мерзімі 2-3-ақ жыл.

Пластик құбырларының бағасы қолжетімді, сондықтан оған сұраныс көп. Петропавлдағы 1048 көпқабатты үйдің 60 пайызында полиэтилен құбырлар тартылған. Саудагерлер де, тұрғындардың сапаға мән бермей, құны арзан құбырға жүгіретінін растап отыр.

Сергей Брыжак, құрылыс дүкенінің менеджері:

Пластик құбырлары коррозияға ұшырамайды. Бағасы темірден қарағанда арзандау. Орнату кезінде көп күшті қажет етпейді. Үлкен қысым берілмесе, 70 жылға дейін қызмет етеді.

Абзал Құрманкин, тілші:

Қазір тұрғындардың бірлі жарымы ғана жылу жүйесін жаңғыртуға кіріскен. Насихат жұмыстары нәтиже бермесе, энергетиктер қатаң шараларға көшпек. Олар ендігі жылыту маусымында осал құбырларды ауыстырмаған үйлерге дайындық паспорттарын бермеуді жоспарлап отыр.

А.ҚҰРМАНКИН