Pretty Little Thing негізін қалаушы миллиардер Омар Камани мен Нада Каманидің үйлену тойы оларға 20 млн фунт стерлингке түсті. 4 күнге созылған және «ғасыр тойы» атанған cалтанатқа Мэрайя Кэри бастаған көптеген танымал тұлғалар қатысты, деп хабарлайды KAZINFORM.
Үйлену тойы төрт күн – 2 мамырдан 5 мамырға дейін созылды.
Омар мен Нада Францияның оңтүстігіндегі Hotel du Cap-Eden-Roc қонақүйінде үйленді. Vogue Arabia журналына берген сұхбатында көктемгі үйлену тойының тамаша орнын табу туралы әңгімесінде Нада Côte d’Azur (Көкшіл жағалау) екеуі үшін де өте «ерекше» орын екенін айтты, өйткені Омар өзінің қалыңдығына үйлену ұсынысын дәл осы жерде жасаған және олар қарым-қатынасының «ғажайып сәттерін» осы жерде басынан өткерген.
2021 жылы 36 жастағы бизнесмен Омар 31 жастағы Надаға құны 1,45 млн фунт стерлинг гауһар тас сақинасын салып, өзіне жар болуға ұсыныс жасады.
Қалыңдық үйлену тойына Dior's Flou Workshop-та 540 сағаттан астам уақыт бойы тігілген бірегей Dior көйлегін таңдады.
Алғашқы кеште ақ киім үлгісін киюге міндеттелген қонақтар үшін бассейн жанында сауық кеші, отшашу ұйымдастырылып, бишілер өнер көрсеткен.
Келесі күні олардың үлкен тойы болды. Керемет Tom Ford смокингін киген Омар қалыңдығын ақ раушан гүлдермен безендірілген аллеяның соңында күтті, қалыңдықтың келе жатқанын Андреа Бочеллидің өзі хабарлады.
Қонақ үйдегі кеште Мэрайя Кэри өзінің хиттерін орындады.
Үшінші күні Омар мен Нада үнділік рәсім кезінде ант берді.
Төртінші күні қонақтар қарапайым барбекюде демалуға шақырылды, мереке жас жұбайлардың құрметіне соңғы тілектермен аяқталды.
Қонақтар арасында Наоми Кэмпбелл, Рио және Кейт Фердинанд сияқты атақты адамдар болды. Қонақтардың тізімінде Стивен Бартлетт, Тайни Темпа, Энтони Джошуа, Холли Вэлэнс және Ник Кэнди есімдері де болды.