Русский Сайттың толық нұсқасы

Еуропаның курорттық қалаларына ұшақ қатынайтын болды

  • AstanaTV
  • 07 мамыр 2024
  • 668

Air Astana әуе компаниясы Еуропаның көрікті қалалары Ираклионға (Грекия) және Подгорицаға (Черногория) маусымдық жазғы рейстердің қайта басталатыны туралы хабарлады.

«Алматыдан Крит аралында орналасқан Ираклионға рейстер 6 маусымда дүйсенбі, бейсенбі және сенбі күндері аптасына 3 рет жиілікпен басталады. Ұшулар Airbus A321LR авиалайнерінде 6 сағат 30 минут ұшу ұзақтығымен орындалады. Қазақстан азаматтарына Грекияға кіру үшін шенген визасы қажет.

Ираклионнан Афинаға жергілікті тұрақты рейстермен жетуге болады, олар шамамен бір сағатты алады, сондай-ақ пароммен танымал Санторини аралдарына дейін жетуге болады. Барлық алымдармен екі жаққа билеттің ең төменгі құны эконом-класта 307 959 теңге» делінген хабарламада. Сондай-ақ, әуе компаниясы Черногорияның астанасы Подгорицаға ұшақпен бару мүмкін болатынын мәлімдеді.

«Алматыдан рейстер 8 маусымнан бастап сейсенбі, жұма және сенбі күндері қатынайды, ал Астанадан Подгорицаға рейстер 9 маусымнан бастап дүйсенбі, бейсенбі және жексенбі күндері жүзеге асырылады. 2024 жылғы 1 мамырдан 31 қазанға дейін Қазақстан азаматтары үшін Черногорияға 30 күнге дейін визасыз кіруге болады. Алматыдан Подгорицаға барлық алымдармен екі жаққа билеттің ең төменгі құны эконом-класта 282 551 теңгеден басталады. Рейстердің ұшу ұзақтығы A321LR ұшағымен Алматыдан 6 сағат 55 минут, Астанадан 6 сағат 30 минут» деп хабарлады әуе компаниясы.

Билеттерді airastana.com әуе компаниясының сайтынан, сондай-ақ Брондау және ақпарат орталығынан, әуе компанияның сату кеңселерінен, туристік агенттіктерден сатып алуға болады.