Қытай 12 елдің азаматтары үшін 2025 жылдың соңына дейін қысқа мерзімге визасыз режимді ұзарту туралы шешім қабылдады. Бұл туралы Қытай Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Линь Цзянь мәлімдеді.
«ҚХР мен шет елдер арасындағы азаматтарды алмасуды жеңілдету үшін Қытай Франция, Германия, Италия, Нидерланд, Испания, Малайзия, Швейцария, Ирландия, Венгрия, Германия, Австрия, Бельгия, Люксембург және басқа елдің азаматтары үшін визасыз режимді 2025 жылдың 31 желтоқсанына дейін ұзарту туралы шешім қабылдады», - деді Қытай дипломаты.
Оның айтуынша, жоғарыда аталған шет мемлекеттердің қарапайым төлқұжаты бар азаматтарына іссапар және туристік сапарларға, туыстары мен жақындарына бару, сондай-ақ транзиттік сапарлар үшін Қытайға 15 күнге дейін визасыз кіруге және тұруға рұқсат етіледі,-деп жазады smartnews.kz.
Айта кетейік, Қытай төрағасы Си Цзиньпин Францияға сапары барысында Қытай тарапы 12 елдің азаматтарын қысқа мерзімді визадан босату саясатын 2025 жылдың соңына дейін ұзарту туралы шешім қабылдағанын атап өткен болатын.