Русский Сайттың толық нұсқасы

Универсиаданың спорттан тыс өмірі де қызыққа толы

  • AstanaTV
  • 03 ақпан 2017
  • 2985

Алматыда өтіп жатқан 28-ші Бүкіләлемдік Универсиаданың спорттан тыс өмірі де қызыққа толы. Ойындарды тамашалауға келген туристер мен жарыс қатысушыларын Алматы жұртшылығы немен қызықтырды? Жас спортшылардың Атлеттер ауылындағы күнделікті тіршілігі қандай?! Ришат Асқарбекұлы шетелдіктерге таңсық ұлттық ерекшеліктерімізді көрсетуге арналған бағдарламалармен танысып қайтты.

Универсиадаға арналған қалашықта тіршілік қайнап жатыр. Мұнда екі мыңға жуық жарыс қатысушылары орналасқан. Қонақтар қалауына қарай туристік сапарлар, шопинг, болмаса Атлеттер ауылының қасында өтіп жатқан мәдени іс-шараларға тартылған.

Николя мен Жан - швейцариялық спортшылар. Ертең сноубордтан жарыс жолына шықпақшы. Атлеттер ауылының кіре-берісіндегі арнайы тақтаға олар Қазақстан туралы пікір жазып, қолтаңба қалдырды.

Николя Неймер, спортшы (Швейцария):

Қалаға шығып, аралап қайтпақпыз. Қазақстандықтар ашық-жарқын халық екені көрініп тұр. Бәрі суретке түсіп қалғысы келеді екен. Міне, жаңа ғана ақшамызды айырбастап алдық. Дүкендерді де аралап көрмекпіз.

Атлеттер ауылының аумағында да сауда-саттық жасауға болады. Ауқымды супермаркет, спорттық тауарлар мен кәдесыйларға толы дүкен, бос уақытты қызықты өткізуге арналған мынадай ойын-сауық алаңы бар. Түнге қарай би кеші ұйымдастырылады. Қазір Универсиадаға 3 мың ерікті ат салысуда.

Ғалия апа Ресейдің Қазан қаласынан арнайы келген. Зейнеткер өзінің 64 жасына дейін әлемнің бірнеше елінде осындай спорттық шараларға ерікті ретінде қатысыпты. Біріншіден, хобби, екіншіден, осылайша әлемге саяхат жасайды.

Ғалия Нұритдинова, халықаралық волонтер:

Мен осындай шалардың өтетін кезеңін алдын ала білемін де, ұйымдаструшыларына хат жазамын. Сосын олар рұқсат берген соң, өз қаржыма билет сатып алып, сапарға шығамын. Кейде жол пұлыма балаларым көмектеседі. Алматыға да осылайша келдім. Атлеттер қалашығындағы мәдени бағдарламалар бойынша ақпараттар үлестіремін. Ағылшын тілін де үйреніп алғанмын. 

Ришат Асқарбекұлы, тілші:

Шетелдік қонақтарды ұлттық дәстүр, қазақы өнерлермен таныстыратын орталық осында орналасқан. Этно-ауылда киіз үй тігу, атқа міну, алаша мен сырмақ тоқу, тіпті былайша ер-тоқым шабуға да шетелдіктер ерекше қызығушылық танытады.

Универсиаданың ең қызықты кезеңі - ұлттық дәстүр мен халқымызға тән мәдени құндылықтарды таныстыру. Ұйымдастырушылар «Алатау алабында» атты этнофестивальге ерекше мән берген. Мұнда күмбірлеген домбыра мен аушы құстың үні естіледі. Ал шығармашылық ұжымдар театрландырылған қойылымдарды көрсетіп жатыр.

Жанболат Сүйінбай, қолөнер шебері:


Қазақтардың өзі де осы қалай жасалуын көрмеген кісілер бар екен. Солардың өзі қызықтап, немерелеріне көрсетіп, міне бұл осылай жасалады, міне көріңдер деп, қызығушылық өте жоғары.

Спорттық ойындарды тамашалауға көрермендер тарапынан сұраныс жоғары. Бүгінге дейін 184 мың билет саудаланған. Бұл барлық билеттің 80 пайызы. Республика сарайының алдында күнделікті сағат 20-00-де «Медаль Плаза» кешенінде спортшыларды марапаттау рәсімі өтеді.  Бұл да студенттік ойындардың жаңашылдығы,  дейді ұйымдастырушылар. Оған қала қонақтары мен тұрғындар тегін кіре алады. 

Ришат АСҚАРБЕКҰЛЫ