Русский Сайттың толық нұсқасы

Мұхтар Құл-Мұхаммед кәсіпорын жұмысшыларымен кездесті

  • AstanaTV
  • 06 ақпан 2017
  • 2719

Шығыс Қазақстан облысының кәсіпорындары жаңа нарықтың өтімін, сонымен қатар әлемдік стандарттарға сай тауарларды сертификаттауды меңгеріп жатыр. Бұл туралы кәсіпорын жұмысшылары «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасарымен Өскемендегі кездесу барысында айтты. Өңірдегі «Шығыс сүт» бірлестігі мен арматура өнеркәсібі зауытының қызметкерлерімен жүздескен Мұхтар Құл-Мұхаммед президент жолдауының негізгі бағыттары мен конституциялық реформа жайында сөз қозғады.

«Шығыс сүт» - аймақтағы ең ірі әрі Қазақстанда бірінші болып робот-ферма ашқан жаңашыл бағыттағы сүт өндіруші бірлестік. Бүгінге одаққа қарасты сегіз зауыт жыл сайын 36 мың тонна сүт өнімдерін өндіреді. Сүт-тауарлары фермасының ашылуы өңірдегі таза өнімдердің жетіспеушілігін жоймақ. Өндірушілер тіпті тауарларды көршілес елдердерге шығаруды жоспарлап отыр. Кәсіпорынды аралаған Мұхтар Құл-Мұхаммед жаңа өнімнен ауыз тиіп көрді.

Ал арматура өнеркәсібі зауытының ашылғанына 3-ақ жыл. Кәсіпорындағы жаңашылдық мұнай-газ құрылғыларын және 25 жылға дейінгі сапалы кепілдікпен тұрмыстық тауарларды шығаруға мүмкіндік береді. Зауыт ұжымы да президенттің «үшінші жаңғыру» жоспарын бір ауыздан қолдады. 

Даниал Ахметов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:


Міне, шағын ғана кәсіпорын. Бұл президент жолдауындағы үшінші жаңғырудың өмірдегі көрінісі. Бәсеке қабілетті тауарлардың барлығы осы жерден шығады.

Мұхтар Құл-Мұхаммед, «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары:

Шығыс Қазақстан облысы еліміздің алып өндірістік-индустриалды аймағы болып қала бермек. Халыққа жолдауында президент бұл өңірдің өндіріс кәсіпорындарына өте қолайлы мүмкіндік беріп отыр. Кәсіпорындар өз өнімдерін жаңашыл, заманауи технологиялардың көмегімен модернизациялауға керемет мүмкіндік туып отыр.

Партия төрағасының бірінші орынбасары Шығыс Қазақстан мемлекеттік үниверситеті оқытушылары мен студенттерінің ғылыми жобаларымен де танысты. Олардың басым бөлігі ауыл шаруашылық, металлургия, энергетика салаларына енгізіліп жатыр. Кездесуді қорытындылай келе Мұхтар Құл-Мұхаммед президенттің тапсырмасының уақтылы орындалуын және оның сапасын қадағалауда «Нұр Отан» партиясы басты бақылаушы болу керектігін айтты. 

Саламат ОМАШ