Русский Сайттың толық нұсқасы

"Наурыз" бағдарламасы бойынша 17 432 адам өтінім жолдады

Елімізде «Наурыз» ипотекалық бағдарламасы бойынша 17 мыңнан астам адам өтінім жолдаған. Алайда оның 9 мыңға жуығы ғана қабылданды. Ал 2 мыңнан аса тұрғынның өтініші белгілі себептерге байланысты кері қайтарылды. Қазір бағдарлама бойынша баспана маркет платформасы сағатына орта есеппен 400 өтінімді қабылдауға қабілетті.

Отбасы банкіндегі депозитіңізде қаражат көлемі 1 млн теңгеге жетпесе "Наурыз" бағдарламасына қатыса алмайсыз. Бұл бағдарламаның негізгі шарттарының бірі. Сондай-ақ үйі бар адам да бұл бағдарлама бойынша баспаналы бола алмайды.

Жансұлтан МАТАЙ, «ОТБАСЫ БАНК» АҚ ОРТАЛЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

Тұрғын үйі бар адамдардың да өтінімдері қабылданған жоқ. Тағы 5 008 өтінім жолдану процесінде. Яғни, мемлекеттік дерекқорлармен сәйкестендіру жүргізілуде. Жүйе өтінімдерге ЭЦҚ арқылы үміткердің қол қоюын мүмкіндік береді және соны күтіп отырмыз.

Жаңа тұрғын үй бағдарламасына өтініш жолдағандардың 62 пайызы 35 жасқа дейінгілер. Ал түскен өтініштердің 57 пайызын әйелдер жіберген. Ең жас өтінім беруші Түркістан облысының тұрғыны. Оның жасы 18-де. Бұл 10-мамырға дейінгі көрсеткіш.

Ляззат ИБРАГИМОВА, «ОТБАСЫ БАНК» АҚ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫ:

Қазақстандықтар барлығы 17 432 өтінім жолдады. Оның ішінде 8 945 өтінім сәтті қабылданды, олардың жартысы тұрғын үйге кезекте тұрған халықтың әлеуметтік осал топтарының өкілдерінен түскен.

Өтінімдерді қабылдау аяқталған соң саралау жұмыстары басталады. Мамандардың айтуынша, бағдарламаға қатысушылар тізіміне ең көп ұпай жинаған үміткерлер кіреді.

Бағдарламаның шарттарына тоқталсақ, алғашқы жарна 20 пайыз. Үй кезегінде тұрған азаматтардың әлеуметтік осал санаттары үшін несие бойынша мөлшерлеме 7 пайыз, ал азаматтардың барлық санаттары үшін 9 пайыз. Несие мерзімі 19 жылға дейін.

Салым бойынша сыйақы мөлшері әрбір 1 000 теңге үшін 1 ұпай, Егер заңды некеде тұрсаңыз оған 5 ұпай, бала болса 10 ұпай беріледі. Халықтың әлеуметтік осал топтары мәртебесі барларға 10 ұпай, 35 жасқа дейінгі жастарға 5 ұпай қосылады.

Өтінім қалдыру маусым айының соңына дейін жалғасады. Қатысушылар тізіміне іліккендерге несие рәсімдеуге 2 ай, ал үй іздеуге 6 ай уақыт беріледі. Осы уақыт аралығында депозитіндегі қаржысы 1 млн теңгеден асатын азаматтар алатын үйдің 20 пайызын шотқа салу қажет.