Русский Сайттың толық нұсқасы

Ертіс орманына кіруге тыйым салынды

  • AstanaTV
  • 14 мамыр 2024
  • 579

«Ертіс орманы» мемлекеттік резерватында өрт қауіптілігінің IV класы белгіленіп, орман қорының аумағына адамдардың кіруіне шектеу қойылды. Бұл туралы «Ертіс орманы» резерватының баспасөз қызметінен хабарлады.

«Жоғары өрт қауіптілігінің IV класына байланысты «Ертіс орманы» табиғи резерватының аумағына кіруге шектеу қойылады. Азаматтарға жаяу және көлікпен кіруге болмайды. Қарағай ормандарын өрттен сақтау – әр азаматтың парызы. Сондықтан өңір жұртшылығын табиғатқа ұқыпты қарауға және өрт қауіпсіздігін барынша сақтауға шақырамыз», деп мәлімдеді.

Өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзған кінәлі тұлғалар қолданыстағы заңнамаға сәйкес, әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке тартылады.

Резерват аумағында хазірет Ғабдұл-Уахит Тіленшіұлының кесенесі орналасқан. Мамандар өрт қаупі күшейген уақытта оған арнайы рұқсат қажет болатынын айтады.

- Жоғары өрт қауіптілігінің IV класы туындаған уақытта кесенеге барушылар әуелі Садықащы орманшылығына барып, арнайы жолдама алуы керек. Ол кесенеден шамамен 5-6 шақырым жерде орналасқан. Біз осылайша резерват аумағына келушілерді бақылай аламыз. Ал келешекте үлкен жолдан Ғабдұл-Уахит Тіленшіұлының кесенесіне бұрылатын жерге өткізу бекетін орнату жоспарда тұр, - дейді «Ертіс орманы» мемлекеттік резерватының табиғи кешен және нысана қорғау бөлімінің басшысы Қобыланды Атығаев.