Русский Сайттың толық нұсқасы

Су алып кеткен Қарағанды облыстық бейнелеу өнерінің мұражайына 20 млн теңге шығын келген

  • AstanaTV
  • 07 ақпан 2017
  • 3382

Ыстық су құбырының жарылу салдарынан Қарағанды облыстық бейнелеу өнерінің мұражайына шамамен 20 млн теңге шығын келген. "Бұл тек су болған құнды картиналарды қайта қалпына келтіруге қажетті қаражат", - деді мұражай қызметкері Назерке Жартын. Ал ғимаратқа келген зардапты анықтау үшін арнайы комиссия құрылған.

Назерке Жартын, Қарағанды облыстық бейнелеу өнері мұражайының ғылыми қызметкері:

Дәл қазір қанша шығын келгені есептеліп жатыр. Оны арнайы комиссия анықтайды. Біз тұрғын үйдің бірінші қабатында орналасқандықтан, су басу қаупі жиі болып тұрады. Сондықтан бізге жеке ғимарат керек.

Өткен аптаның аяғында аталған мұражайда ыстық су құбыры жарылып, осының салдарынан мұражайдың 50-ге жуық картинасы бүлінген. Екінші қабаттан аққан су алдымен қоймаға кіріп, кейін бүкіл залға жайылыпты. Бүлінген заттардың арасында саяси қуғын-сүргінге ұшыраған суретшілердің де еңбектері бар. Мұражай қызметкерлерінің айтуынша, олардың көпшілігін қайта қалпына келтіру керек. Оның үстіне былтыр ғана 2 млн теңгеге жөнделген көрме залы да жөндеуді қажет етеді. "Мұражай көп қабатты тұрғын үйдің астында орналасқандықтан, адамдардың жауапсыздығынан жылда төбеден су ағып, шығынға батамыз", - дейді мұражай қызметкерлері. Биліктегілерден жеке ғимарат бөлуді сұрағанымен, мәселе шешілмей келеді, дейді олар.