Русский Сайттың толық нұсқасы

"Әкімдіктерде ықылас жоқ" – Олжас Бектенов

  • AstanaTV
  • 14 мамыр 2024
  • 571

Өткен жылдың қорытындысы бойынша 53 пайызға өсті. Десе де, кейбір өңірлерде инвестиция тарту деңгейі керісінше төмендеп кеткен. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Премьер-Министр Олжас Бектенов айтты.

«Жалпы, еліміздің туристік саласына тартылған инвестиция көлемі айтарлықтай арта түскені байқалады. Өткен жылдың қорытындысы бойынша 53 пайызға өсті. Десе де, кейбір өңірлерде инвестиция тарту деңгейі керісінше төмендеп кеткенін көріп отырмыз. Олардың қатарында Атырау, Қарағанды, Жетісу, Павлодар, Ақмола және Батыс Қазақстан облыстарын атап өтуге болады. Бұл өңірлер тарихи-мәдени мұраларға бай әрі көрікті жерлер де көп. Демек, әкімдіктерде бұл бағыттағы жұмысқа тиісті ықылас жоқ деген сөз», - деді Үкімет басшысы.

Осы орайда Олжас Бектенов Мемлекет басшысы инфрақұрылымды кешенді түрде дамытып, сервис сапасын түбегейлі жақсартуды тапсырғанын еске салды.

«Өйткені дәл осы проблемалар туризмнің дамуына тұсау болып отыр. Елімізде көздің жауын алатын көрікті жерлер көп. Бірақ оларға жетудің өзі бір мұң. Әзірге жағдайдың өзгеретін түрі байқалмайды. Мысалы, Шығыс Қазақстанды немесе Балқаш пен Алакөлді алып қарайтын болсақ, не сапалы жол жоқ, не аялдайтын арнайы тұрақтар мен кемпингтер қаралмаған. Туристер күйі кеткен демалыс орындары мен ондағы санитариялық талаптарға сай келмейтін қолайсыз жағдайларға мойынсұнуға мәжбүр», - деді ол.

Сонымен қатар Премьер-Министр нарықта бәсекенің болмауы қызмет көрсету бағасының қымбаттауына алып келетінін баса айтты.

«Бәсеке жоқ жерде, сервис сапасы да ақсай беретіні анық. Туристік бизнесте «Демалуға қайтсе де келеді?» деген қарабайыр түсінік қалыптасқан. Дәл осындай көзқарас еліміздің туристік имиджіне нұқсан келтіреді», - деді Үкімет басшысы.