Русский Сайттың толық нұсқасы

Батыс Қазақстан облысында ақбөкендер төлдеп жатыр

Батыс Қазақстан облысында ақбөкендер төлдеп жатыр. Бұл кезде күн күрт суытып, жауын-шашын көбейеді. Жаңбыр мен жел қорғансыз құралайдың денесін кептіріп, тіпті табиғаттың өзі осылай қатал ортаға бейімдейді екен. Халық арасында бұл кезең "құралайдың салқыны" деген атаумен танымал.

Еркін КАРИН, ТІЛШІ:

Инспекторлар киіктің лағын қолға ұстауға болмайтынын айтып, алдын ала ескертті. Бірақ барынша жақын келдік зиянымызды тигізбеу үшін. Қазір қорғансыз жатқан мына құралай санаулы сәттен кейін аяғына тұрып, үйіріне қайтып қосылады.

Енесі дыбыс бергенде ғана тұра қашатын құралайды бірден байқау қиын. Әр бұтаның түбінде бүріскен жануарлардың жатысы далалық перзентханаға ұқсайды. Киікті әуеден санап шыққан мамандар биылғы өсімнің қанша боларын алдын ала болжап отыр.

НҰРЛАН РАҚЫМЖАНОВ, БҚО ОРМАН ШАРУАШЫЛЫҒЫ ЖӘНЕ ЖАНУАРЛАР ӘЛЕМІН ҚОРҒАУ ИНСПЕКЦИЯСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

Былтыр төлсіз біздің облыста киіктің саны төлсіз 1 миллион 100 мың бас болды. Төлге дейін ғой енді санағанда. Төлмен санағанда қазір шамамен 1 млн 800-дей. Енді мына биылғы төл қосылады оның үстіне. Сонда енді ол 3 миллионға жақындайды деген сөз ғой.

Киіктің көбейгеніне шаруалар алаңдаулы. Жеріне түскен жануарларды джиппен қуып шаршағандар былтыр шығынымыз 8 миллиард теңгеге жетті деген. Бірақ табиғат жанашырлары мұнымен келіспейді.

Нұрлыбек РАХМАН, ЭКОСАРАПШЫ:

Фермерлер өздеріне келген шығындар жайлы айтуда. Үкіметтен үлкен көлемде субсидия сұрап отыр. Осы пікір көп айтылғасын, қоғамда біржақты пікір қалыптасып бара жатыр. Иә, саны көп, бірақ бұл мәселені кешенді қарастыру керек. Киікке қатысты айтылып жүрген мәселенің барлығын 100 пайыз киікке жабудың қажеті жоқ деп санаймыз.

Былтыр киік санын реттеу науқаны кезінде 43 мыңдай ақбөкен ауланыпты. Бірақ бұқтырылған бөкен етінен дайындалған қалбырдың (консерві) саны 1 мыңнан әзер асады. Мамандар киіктерді бұлай азайту жақсылыққа апармайтынын айтады.

Азамат ХАМЗА, ЭКОБЕЛСЕНДІ:

Былтыр 7 ғалым келді шетелден. Ол ғалымдар шетелдегі қаздың проблемасын айтады, қабанның проблемасын айтады. Ол да біздің киік сияқты. Ішінен қарағанда ол қатты проблема болғанымен, сыртынан қарағанда адамдар түсінбейді миллион киікті бір күнде жоғалтып алуымыз мүмкін екенін. Шаруалардың жерінің үстінен дрон ұшырып, киік таба алмай келдік. Шаруалардың айтып отырған миллион киігі жоқ.

Мамандардың айтуынша, киіктердің жартысына жуығы қазір Ресей асқан. Енді біразы былтырғы қырғыннан қорқып, құмнан шықпауы мүмкін. Әзірге киік пен кәсіпкерлердің тіресі немен тынары белгісіз.