Русский Сайттың толық нұсқасы

Дәулет Мұқаев: Жастар баспана алу үшін шетел асып, жұмыс істеуге мәжбүр

  • AstanaTV
  • 15 мамыр 2024
  • 484

Мәжіліс депутаты Дәулет Мұқаев жастарға арналған жалдамалы пәтерлер мәскелесін көтеріп, Премьер-Министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевқа депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Оның дерегінше, 2019 жылдан бері Астана, Алматы, Шымкент қалаларында жалдамалы пәтерге орныққан жастардың саны 10 мыңға жуықтады.

"2019 жылы баспана алған жастардың баспананы босатуына да аз уақыт қалды. Бүгінде мегаполистердегі жастардың далада қалу қаупі жоғары. Екінші тағы бір мәселе – жыл сайын берілуі керек жалдамалы пәтерлер Алматы қаласының жастарына әлі дер берілмеді. Нақты тізім, нәтижесі шықпады. Жалдамалы пәтер алған жастардың қаржы жинап, өз баспаналарын ала алмаудың да өзіндік себептері де бар. 2019 жылдан бері инфляция деңгейі де шарықтап, үй бағасы жылдан жылға өсті. Осыдан 5 жыл бұрын республика бойынша пәтердің орташа шаршы метрі 200 мың теңге болса, қазір 400 мың теңгеге жуықтады. Яғни, 2 есе өсті. Шындыққа тура қарасақ, баспанаға қаржы жинаудан, қымбатшылық қыспаққа алып күнкөріс мәселелі алдыңғы орынға шықты", - деді Дәулет Мұқаев.

Депутат елімізде жастарға арналған тиімді мемлекеттік бағдарлама жоқ екенін баса айтты. Салдарынан жастар баспананы алу үшін шетел асып, жұмыс істеуге мәжбүр, деп жалғастырды ол.

"Келмей қалып қойып жатқаны қаншама. Бұл елімізде дарынды, талантты жастардың азаюына алып келіп отыр. Үшіншіден, жалдамалы пәтер алған жастар өзге де мемлекеттік бағдарламалар мен үй кезегінде тұру мүмкіндігінен айырылған. Ақшасын жинап, түйіп отырған жастар, басқа бағдарламаға қатыса алмаса қалай баспаналы болмақ", - деп атап өтті халық қалаулысы.

Мәжіліс депутаты осыған байланысты жастардың тиімді баспана алуына жағдай жасауды, кемі 10%-дық бастапқы жарнамен өздері тұрып жатқан баспанасын сатып алуға мүмкіндік беру мәселелесін қарастыруды қайта сұрады. Оның айтуынша, пайыздық мөлшерлеме 5%-дан аспауы тиіс немесе жалдамалы пәтерде тұру мерзімін ұзарту керек.