Русский Сайттың толық нұсқасы

Ақтөбе облысында 380 бей-берекет қоқыс алаңы анықталған

  • AstanaTV
  • 08 ақпан 2017
  • 4671

Ақтөбе облысында 380 бей-берекет қоқыс алаңы анықталған. Өйткені өңірдегі елді мекендерде тұрмыстық қалдықтар төгілетін арнайы орын жоқ. Сондықтан қоршаған ортаға тигізетін зияны көп болып тұр, - дейді экологтар. Бұл мәселе қалай және қашан шешілмек? Әріптесім Жақсыбек Кемал мәселені анықтауға тырысты.

Экологтар бей-берекет тасталған қоқыс орындарын әрбір елді-мекеннен табуға болатынын айтады. Иесіз полигондарға қазірге дейін 150 мың тонна тұрмыстық қалдық жиналғанын анықтапты. Мұндай аумақтар қоршаған ортаның ластануына да әсер етіп отыр.

Жақсыбек Кемал, тілші:

Ал, бұл Ақтөбе қаласынан 2 шақырым қашықтықта орналасқан қоқыс полигоны. Тәулігіне шаһардан шығатын 300 тоннаға жуық тұрмыстық қатты қалдық осында әкелінеді. Экологиялық ахуалды тұрақты ұстау мақсатында айналасына мыңдаған көшет егіліпті. Дегенмен, 2007 жылы 25 жылға есептеліп ашылған бұл полигон қазірдің өзінде 60 пайызға толып қалған.

Мамандар негізгі мәселе қоқысты сұрыптау орындарының болмауында екенін айтады. Қазіргі уақытта арнайы полигондарға жиналған қоқыстың бар болғаны бір жарым пайызы ғана өңделеді деді. Дегенмен, өткен жылы Ақтөбе қаласын қоқыстан толық арылту үшін қуаттылығы жылына 200 мың тоннаға шақталған сұрыптау кешені салына бастаған еді. Жоба толық жүзеге асса, пластиктер өңделу үшін басқа кәсіпорындарына жіберіледі. Ал, әйнек, металл және қағаз экспортталатын болады. Ең бастысы, полигонның қоршаған ортаға зияны  бәсеңдемек.

Алтынбек Қазантаев, жоба басшысы:

1 мамырдан бастап Ақтөбеде қоқыс болмайды деп есептеуге болады. Барлық қоқыс - біздің шикізат. Біз сұрыптаймыз. Зауыт тәулігіне 500 тонна қоқыс өңдеуге қауқарлы болады. Ал 2020-сыншы жылдарға қарай арнайы қондырғы арқылы электр энергиясын алмақпыз. Бұрыннан қоқысқа толып қалған полигондарды да пайдалану ойымызда бар.

Өңірдегі елді мекендердің экологиялық ахуалын облыс басшылығы да талқыға салды. Белгілі болғаны, Мәртөк, Қобда және Қарауылкелді ауылдарында қалдықтар полигондары құрылысының техникалық негіздемелеріне түзету енгізілген. Сондай-ақ алты ауданда осындай құрылыстарды жүргізу қолға алынбақ.

Нұржан Аққұл, табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы:

Қатты қалдыққа байланысты аудан әкімдерінің орынбасарларын жинап, қоқыс өңдейтін кәсіпорын басшыларымен жиын өткізгенбіз. Негізі жол картасы да жасалды. Аудан әкімдіктеріне қоқыс өңдейтін мекеме табу керек, қалдықтарды тапсыратын. Немесе қалада шағын алты зауыт бар, сол жерлерге жеткізу жолдарын айтқан болатынбыз.

Енді бұдан былай әрбір ауылдағы қоқыс тасталатын орындар жергілікті әкімдік тарапынан қатаң бақылануы керек. Ал аудан орталықтарындағы полигондардың жұмысын тез арада реттеу тапсырылды.

Жақсыбек КЕМАЛ