Русский Сайттың толық нұсқасы

«Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед Павлодар облысында

  • AstanaTV
  • 08 ақпан 2017
  • 2652

«Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед Павлодар облысына жұмыс сапармен барды. Аймақтағы бірқатар кәсіпорында болған ол еңбеккерлермен жүздесіп, Елбасының жолдауын талқылады. Бұл ретте, Мұхтар Құл-Мұхаммед бизнес саласын жаңғырыртудың мүмкіндіктеріне тоқталды.

Мұхтар Құл-Мұхаммед ат басын бұрған алғашқы нысан - күйдірілген мұнай коксын өндіру зауыты. Еңбеккерлермен кездесуінде ол президенттің тікелей тапсырмасымен құрылған еркін экономикалық аймақтың маңыздылығына тоқталды. Айтуынша, мұндай алаңдар кәсіпкерліктің өсіп-өркендеуіне жол ашады.

Мұхтар Құл-Мұхаммед, «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары:

Осы еркін экономикалық аймақта қазірдің өзінде 8 кәсіпорын жұмыс істейді. Болашақта тағы 15 кәсіпорын салынады. Сонда дәл осы бір ғана экономикалық аймақта қазіргі заманғы техникамен, технологиямен жарақаттанған 25-ке жуық жаңа кәсіпорын болады.

Мұнай коксын өндіру зауыты еркін экономикалық аймақта орналасқан. 2015 жылы ашылған кәсіпорын Павлодардың мұнай-химия кешенінің құрамына енген. Құны 23 миллиардқа бағаланған. 300 адамды жұмыспен қамтып отыр. Бастысы, өндіріс ошағы экологиялық таза. Және жыл сайын өңірге 95 мың мегават электр қуатын береді.

Жангелді Есімов, мұнай коксын күйдіру цехінің жетекшісі:


Зауыт шығарған коксын металлургия өндірісінде кеңінен пайдаланады. Біріншіден, ол Қазақстан электролизі зауытына жөнелтіледі. Сонымен бірге мұнай коксы шетелде де үлкен сұранысқа ие.

«Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары темір бетон бұйымдарын шығаратын кәсіпорында да болды. Зауыт өткен ғасырдың 80-ші жылдары салынған ескі цехтің негізінде құрылған. Көпке дейін қаңырап тұрған өндіріс ошағына 2013 жылы «Бизнестің жол картасы» мемлекеттік бағдарламасы арқылы жан бітті. Жаңа технологияларды енгізу негізінде мұнда темір-бетон тетіктері мен құрылысқа қажет құрылғылар өндірісі жолға қойылды. Өндірістік қуаттылығы 80 мың шаршы метр. Аталған межені арттыру жоспарда бар,-дейді кәсіпорындағылар. Жолдаудың басты басымдылығы да осыған саяды.

Мұхтар Құл-Мұхаммед, «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары:

Көлеммен шектеліп қалмаңдар, кәсіпорындарыңның сапасын арттырып, шығатын өнімнің сапасын арттырыңдар, бәсекеге қабілетті өнім шығарыңдар. Мінекей, сонда бір жағынан өздерің де пайда табасыңдар, екіншіден, кәсіпорынның бәсекеге қабілеттілігін арттырасыңдар, үшіншіден, өздерің тұратын өңірдің экономикасының өркендеуіне, тіптен, бүкіл Қазақстан экономикасының өркендеуіне үлес қосасыңдар деп отыр. Міне осы мәселені азаматтар ұмытпау керек.

Мұхтар Құл-Мұхаммед тәуелсіздік жылдары ішінде Президенттің кәсіпкерлік саласының дамуына кеңінен қолдау көрсеткенін, енді бизнесмендердің Жолдауға сай өз өндірісін жаңа технологияға көшірудің маңыздылығына тоқталды. Ал, «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалына Елбасы қойған тапсырмалардың орындалу барысын қатаң бақылауға алып, әр павлодарлыққа түсіндіруді тапсырды.

Әсемгүл МҰХИТҚЫЗЫ