Қостанайдағы «Қонай» шағын ауданына газ қосылмай жатыр.Жаңа қоныс тұрғындары жарық өшсе, далада от жағып қазан көтеруге мәжбүр. Көпшілік екі жылға жуық көгілдір отынды көксеп отыр.Олар талай рет шаһар билігінің табалдырығын тоздырған. Бірақ шенеуніктер мәселені шешуге асығар емес.
Шаһар шетіндегі шағын ауданда проблема көп.Ең әуелі газ мәселесі шешілсе дейді мұндағы әлеумет.Тоқ қуаты кейде күшейіп, кей күндері жеткіліксіз болғандықтан электр плиталар да шыдамайтын көрінеді.
Роза ТӨЛЕГЕНОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
2022 жылы алдық осы пәтерлерді.Алғалы газсыз кірдік.Мінекей газ әлі жоқ.2024 жылы болып кетті.Қаншама электр плита жақтық.Светке ай сайын он мыңға жақын ақша төлейміз.
Қамшыбай ИМАНМАҒЗҰМ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
Свет сөніп қалғанда не шай қоя алмайсың. Не тамақ істей алмай қаламыз.Неден кедергі болып жатқанын білмейміз.Біздің халықтың ешқандай кінәсі жоқ.Мың сылтау тауып жатыр.
«Қонай» аумағында 15 көпқабатты үй салынып, қолданысқа берілген.Пәтер иелері бірден бірлестік құрып,газ қосуға қажет құжаттарды түгендепті.
Маржан МӘЛІКҚЫЗЫ, МИБ ТӨРАҒАСЫ:
Үйдің сыртындағы орналасқан фасадный құбыр бойынша ОСИ төрағасы өз тарапынан келісім-шартқа отыру керек деді.Сол құбырдың техникалық қызметін жасау үшін.Біз бұған келіспейміз.Бұл заңда ешқандай жерде жазылмаған.
Қаланың басқа жағындағы жаңа аудандарда бұл мәселе жоқ. Мүлік иелері бірлестігінің төрағасы тіпті мұндай түйткіл мүлдем болмағанын айтыпты.Сарапшылар сырттағы құбырдың техникалық қызметін қалалық құрылыс бөлімі дер кезінде істемеген дейді.
Альбина МҰХАМЕДИЯРОВА, «ҚОСТАНАЙ-ҚАМҚОР» ОБЛЫСТЫҚ МИБ ҚАУЫМДАСТЫҒЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:
Тұрғын үй қатынастары туралы заңға жүгінер болсақ мүлік иелері бірлестігінің шығын сметасы белгіленген. Ал бірлестік фасад құбырына техникалық қызмет көрсету келісімін жасаса,оған ақшаны қайдан алады? Тағы да тұрғындар жарнасына жармасу керек. Әлгі сметада шығындар нақты көрсетілген. Ал сыртқы газ құбырына қызмет көрсету жайлы ештеңе жоқ.
Қалалық құрылыс бөлімі магистралды газ құбырының техникалық қызметіне жауапты, бірақ үй сыртындағы құбырға қатысы жоқ болып шықты.Тұрғындар тиісті ұйымдармен келісім-шарт жасамайынша көгілдір отынға қол жеткізе алмайды, дейді мамандар.
Тамара ДАНИЛЬЧУК, ҚАЛАЛЫҚ ҚҰРЫЛЫС БӨЛІМІ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Тұрғындар үй сыртындағы газ құбырының техникалық қызметінен бас тартып жатыр.Біз бұл мәселеге қатысты «ҚазТрансГазаймақ» мекемесі жазған хатты жеткіздік.Енді қалалық прокуратураның жауабын күтіп отырмыз.
Қалың жұрт қалалық прокуратураның пәрменіне үміт артады.Құзырлы органнан қайыр болмаса, тағы талай табалдырық тоздырмақ.