Елімізде жекеменшік мектептер көбейген. Алайда бағасы арзан емес. Мәселен Астана қаласындағы ақылы білім ұялары 120 мыңнан басталып, 15 млн тг дейін барады. Ол мектептердің қандай ерекшелігі бар? Тілшіміз айтады.
Маржан Әбдібек баласын жекеменшік мектепке берген. Себебі перзентімді мұнда тапсырсам біліміне, қосымша үйірмелерге қатыстырамын деп әуре болмаймын дейді. Яғни үй тапсырмасын сонда орындайды, бес мезгіл тамақтанады.
Маржан ӘБДІБЕК, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
Өмір қауіпсіздігі бұл жерде қаралады. Білімі өте мықты. Аз ғана санаулы оқушылармен жеке-жеке жұмыс істейді мұғалімдер. Және қарны тоқ, үй тапсырмасы орындаулы. Үйірмелердің барлығы осы жерде. Және ата-ана өзінің жұмыстарын істеп жүре береді.
Сала мамандарының айтуынша, қазір ата-аналар жекеменшік мектептердің бағасына қарамайды. Өйткені жұмыс басты адамдар үшін бұл тиімді дейді.
Айсұлу ӘБДІҚАДЫРҚЫЗЫ, ЖЕКЕМЕНШІК МЕКТЕП ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Жыл сайын балалардың саны артуда. Оның себебі қазіргі ата-аналардың сұранысы бойынша мектепте берілетін білімнің тереңдігі. Өйткені ата-аналардың көбі өз қызметінде. Жекеменшік мектептің кереметтілігі сол бала таңертеңнен кешке дейін осы мектепте болады.
Білім саласының сарапшысы Аятжан Ахметжан мектептерді жекеменшік, мемлекеттік деп қарау қате ұғым дейді. Яғни ол білім ұясын қалай басқарғанына байланысты. Сондай-ақ шетелден келіп, білім ошағын ашатын кәсіпкерлер мемлекеттік идеологияға кереғар әрекет жасауы да ғажап емес дейді.
Аятжан АХМЕТЖАН, САРАПШЫ:
Мені ойландыратын жекеменшік мектептердегі идеология мәселесі. Шыны керек қазір Испан, үнді, араб, орыс, әртүрлі жекеменшік мектептер ашылып жатыр. Яғни құрылтайшылары өзге мемлекеттің адамдары. Олар жақсы күш. Идеологиясы басқа болып кетпейді ме? деген алаңдаушылық бар.
Қазақстанда қазір 702 жекеменшік мектеп бар. Ақылы білім ұялары заңнамаға сәйкес бес жылда бір рет аттестаттаудан өтеді. Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, былтырғы тексеріс көңіл көншітпейді.111 білім ошағында білім сапасы тексерілсе, соның 37-сі ғана талапқа сай болған.
Аттестаттаудан өтпеудің негізгі себебі - бастауыш, негізгі орта, жалпы орта білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарттары талаптарының сақталмауы, атап айтқанда, білім алушылардың даярлық деңгейін бағалаудың төмен нәтижелері, педагогтердің біліктілік арттыру курсынан уақтылы өтпеуі, білім беру процесін материалдық-техникалық қамтамасыз етудің белгіленген нормаларға сәйкес келмеуі, оқу жүктемесінің ең жоғары көлеміне қойылатын талаптарды сақтамау, белгіленген критерийлер бойынша бағалау үшін тиісті материалдарды ұсынбау.
Сарапшылардың пікірінше, мектептердің бәсекелестігін арттыру қажет. Сондай-ақ білім ошақтарындағы жауапкершілікті күшейткен абзал.