Елімізге ресми сапармен Малайзия Премьер-министрі келді. Ануар Ибрагимді «Ақорда» резиденциясында салтанатты түрде қарсы алу рәсімі өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ануар Ибрагим бір-біріне ресми делегация мүшелерін таныстырды. Құрмет қарауылының бастығы рапорт беріп, екі мемлекеттің әнұраны шырқалды.
Салтанатты рәсімнен кейін Мемлекет басшысы мен Премьер-министр келіссөз залына өтті. Қос тарап өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді қозғады. Экономикалық, инвестициялық және гуманитарлық саладағы ықпалдастықты арттыру керегін айтты.
Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Қазақстан мен Малайзияны ұзақ жылғы достық пен өзара ынтымақтастық арқауы байланыстырады. Бізде бұл бағытта жақсы дәстүр қалыптасқан. Сондықтан Сіздің сапарыңыз екі ел арасындағы байланыстарды одан әрі дамытуға тың серпін береді деп сенемін. Біз көптеген маңызды салаларда өзара ықпалдастығымыз бен ынтымақтастығымызды одан әрі нығайту үшін қосымша күш жұмсауға дайынбыз.