Шымкентте Қазақстанның көші-қон саласындағы заңнамасын бұзғаны үшін 264 шетел азаматы жауапқа тартылды. Сондай-ақ шетелдік жұмыс күшін заңсыз пайдаланған 35 адамға айыппұл салынды.
Полицейлер құқық бұзушыларды «Құқықтық тәртіп» профилактикалық іс-шарасы барысында анықтаған.
Айта кетейік, қала аумағында заңсыз еңбек көші-қонын болдырмау мақсатында рейдтік іс-шаралар жүріп жатыр. Көші-қон полициясының қызметкерлері шетелдік жұмыс күшін пайдаланатын барлық құрылыс объектілерін, заңды тұлғалар мен кәсіпорындарды аралап тексеруде.
«Аталған жұмыстар барысында Қазақстан Республикасының көші-қон саласындағы заңнамасын бұзғаны үшін 264 шетел азаматы, оларды заңсыз тұрғын жаймен қамтамасыз еткен 117 адам жауапқа тартылды. Сондай-ақ жергілікті атқарушы органның рұқсатынсыз шетелдік жұмыс күшін тартқаны үшін 35 жұмыс берушіге әкімшілік айыппұл салынды», - деді қалалық Полиция департаментіндегілер.
Рейдтік іс-шаралардан кейін шетелдік 54 азамат ел аумағынан шығарылды. Көрсетілген бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады.