Русский Сайттың толық нұсқасы

«Бизнес пен квазимемлекеттік сектордың үйлесімді жұмыс жасауы үшін жүзден астам заңнамалық актілерге түзету енгізу керек»,- депутат

Жақында ғана Мемлекет басшысы "экономиканы ырықтандыру жөніндегі шаралары туралы" Жарлыққа қол қойды. Сарапшылар бұл құжатты елдегі кәсіпкерлер еркіндігін нақты қамтамасыз етудегі маңызды қадам деп санайды. Жасыратыны жоқ қазір кәсіпкерлерді толғандырған түйткіл көп. Соның бірі мемлекет қаржыландыратын компаниялар. Оларға берілетін басымдық жоғары. Бизнес пен квазимемлекеттік сектор үйлесімді жұмыс үшін қандай шаралар қабылдануы керек? Осы мәселені талқылау үшін кәсіпкерлер елордада бас қосты. 

Президент "экономиканы ырықтандыру жөніндегі шаралары туралы" Жарлыққа қол қойғанда кәсіпкерлердің қуанғаны рас. Түйіткілдің түйіні тарқайтынына сенді. Қазірдің өзінде бірқатар шаралар қабылданды. Дегенмен салада шешімін таппаған мәселелер бар.

Гауһар ҚҰСМҰЛДАНОВА, КӘСІПКЕР:

Қазір жұмыс жасау өте қиын. Әсіресе квазимемлекеттік секторда. Өйткені ашықтық жоқ. Мемлекеттік сатып алу кезінде тапсырыс берушілер өздерінің құқығын білмей жатады. Қаржы министрлігінің өзі сақтандыру шартын жасауды бекітті. Бірақ оны қабылдамайды. Мысалы, тендерге қатысарда сақтандыру шартын ұсынсаң, болмайды, бізді қанағаттандырмайды деп кері қайтарады. Негізі жауапкершілігі шектеулі серіктесі мен квазимемлекеттік компанияның құқығы бір. Көп жағдайларда бұл ескерілмейді.

Мемлекет басшысы Үкіметке 2029 жылға дейін ұлттық экономиканың көлемін 2 есеге ұлғайтып, 450 млрд долларға жеткізу міндетін жүктеген еді. Бұл ауқымды әрі күрделі міндетті іске асыру үшін шағын және орта бизнес экономиканы дамытудың маңызды драйверлерінің бірі болуы тиіс. Бірақ кәсіптің кең қанат жаюына квазимемлекеттік сектор кедергі келтіріп жатқан көрінеді.

Қанат НҰРОВ, ҚАЗАҚСТАН КӘСІПКЕРЛЕРІНІҢ ҚҰҚЫҚТАРЫН ҚОРҒАУ ЖӨНІНДЕГІ УӘКІЛ:

Жеке кәсіп мемлекет қаржыландыратын компанияларға қарағанда қанша жерден тиімді болғанымен, түбінде квазимемлекеттік компаниялар мемлекеттік сатып алу кезінде жеңіп кетіп жатады. Жеке кәсіпкер квазимемлекеттік секторға бәсекелес бола алмайды. Керісінше жеке кәсіпкерлердің бәсекелесуіне жағдай жасау керек. Сонда нәтиже шығады. Ал бізде біреу үлкен завод ашса, ол жақсы табыс әкелсе, мемлекеттік сектор сол жерден тура сондай завод салады. Бұл бір біріміздің аяғымыздан шалу емес пе?

Бизнес пен квазимемлекеттік сектордың үйлесімді жұмыс жасауы үшін жүзден астам заңнамалық актілерге түзету енгізу керек. Мәжіліс депутаты Болатбек Нәжмединұлы осылай дейді. Мемлекеттік сатып алуларға да өзгеріс қажет. Былтыр 6 трлн 600 млрд теңгеге тендер ойнатылған. Оның 25 проценті бір көзден алу тәсілімен жүзеге асырылған.

Болатбек НАЖМЕТДИНҰЛЫ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, "AMANAT" ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

25 пайыз деген өте көп. Кейбір мемлекеттік органдар. Қысқа ғана корпаративтік мүддесін қорғау үшін қаулылар қабылдап, заңдар қабылдап біркөзден алу бойынша монополисттер де бас салып алып жатқанын көріп отырмыз. Ашықтықты, бәсекелестікті көрсетуіміз керек. Қазақстандық үлесті көбейтуіміз керек.

Квазимемлекеттік сектор - ел экономикасының дамуына, тікелей инвестициялардың келуі мен еңбек өнімділігін арттыруға кедергі келтіреді дейді мамандар. Сол үшін бюджеттің мойнына масыл болып отырған секторды түбегейлі реформалау қажет екенін айтты.