Талдыкөл ауылында тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандарды су басу фактісі тіркелген жоқ
Атырау облысында Қазақстан ТЖМ құтқарушылары Жайық өзеніндегі су деңгейіне тәулік бойы мониторинг жүргізуді жалғастыруда.
ТЖМ мәліметінше, Махамбет ауданының Талдыкөл ауылына апаратын автожол арқылы су жүруіне байланысты жергілікті тұрғындарды алдын ала эвакуациялау туралы шешім қабылданды. 121 адам,оның ішінде 41 бала жүзу құралдарының көмегімен ауылдан кетті. 26 ауыл тұрғыны Атырау қаласының эвакопункттеріне жеткізіліп, орналастырылды. 90-нан астам адам туыстарының үйлеріне барды. Талдыкөл ауылында тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандарды су басу фактісі тіркелген жоқ. Айта кетейік, кеше таңертең Атырау облысына ТЖ министрі Шыңғыс Әрінов келді. Барлық жұмыстар оның жеке бақылауымен жүргізілді.
Сондай-ақ, қазіргі уақытта құтқарушылар арнайы техниканың көмегімен Махамбет ауданының Жалғансай ауылы айналасындағы үйінді қорғаныш білігінің жанында тасқын суды сору жұмыстарын жүргізуде. Атырау қаласын жағалай қосымша қапшықтар төселуде.