Русский Сайттың толық нұсқасы

Балаларды суицидке итермелейтін ойындардың пайда болуы қосымша әрекеттерді талап етеді - ІІМ

  • AstanaTV
  • 13 ақпан 2017
  • 3780

Бала тәрбиесіне қатысты міндеттерін орындамаған бес жарым мың ата-ана әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Бұл туралы бүгін Үкімет сағатында Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов мәлімдеді. Айтуынша, отбасының шырқын бұзғандарды бір жылға дейін өзге мекен-жайға көшіру, ішімдіктен шектеу әрекеті нәтижесінде тұрмыстық қылмыс деңгейі 10 пайызға төмендеген. Бірақ соңғы кезде балалар арасында суицидке итермелейтін ойындардың пайда болуы қосымша әрекеттерді талап етіп отыр.

Қалмұханбет Қасымов, ҚР Ішкі істер министрі:

Өткен жылдан бері әлеуметтік желілердегі қауіпті ойындарға қатысты 44 қылмыстық іс қозғалды. Еліміз бойынша 16 бала өз өзіне қол салған. Бірақ олардың мұндай ойындарға қатысы бар-жоғы анықталмады. Ал биылғы қаңтар-ақпан айларында өлімге соқтыратын ойынға қатысты 63 жағдай тіркелсе, 15 жасөспірімнің өз денесін зақымдағаны белгілі болды.

Жеткіншектерді өміріне қауіп төндіретін «Синий Кит», «Тихий Дом» сынды ойындардан оқшаулау үшін министрлік ғаламторды қолдануға қатысты жаңа заңнама әзірлеуді жоспарлады. Әлеуметтік желілердің бас кеңселері өзге мемлекеттерде орналасқан. Сол себепті, арам пиғылды қылмыскерлер туралы шұғыл ақпарат алу қиынға соғып отыр, - дейді ведомство басшысы.