Русский Сайттың толық нұсқасы

Кезекті рет зымыран ұшырған Солтүстік Кореяны бірқатар елдер айыптады

  • AstanaTV
  • 13 ақпан 2017
  • 2992

Жапон теңізіне қарай баллистикалық зымыран ұшырған Солтүстік Кореяның әрекетін сынға алған мемлекеттер қатарына Франция да қосылды. 500 шақырымдай қашықтыққа ұшқан ракета ашық теңізге құлаған. Зымыран мәселесіне қатысты ойын алғаш рет АҚШ президенті Дональд Трамп та білдірді.

Жаңа жылда - жаңа зымыран. Әлемдік қауымдастықтың тыныштығын кезекті рет бұзған - Солтүстік Корея. Кеше кешкісін елдің ақпарат агенттіктері тағы бір зымыранның ұшырылғаны туралы хабарлады. Бұл әрекетті бірінші кезекте ресми Токио қатаң сынға алды.

Синдзо Абэ, Жапония премьер-министрі:

Солтүстік Кореяның зымыран ұшыруы еш қисынсыз. Пхеньян БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің талаптарын орындауы тиіс. Донольд Трамп АҚШ-тың Жапонияны 100 пайыз қолдайтынын жеткізді. Америка мен Жапония әрқашан әріптестік қарым-қатынасты сақтап қалатынына сенімдімін.

Жақында ғана АҚШ президенті болып тағайындалған Трамп Солтүстік Кореяның зымыран мәселесіне қатысты алғаш рет өз ойын білдіріп отыр. Бұл ретте Тынық мұхиты аймағындағы жақын серіктесі Жапонияның мүддесін әрқашан қорғауға дайын екенін ашық айтты.

Дональд Трамп, АҚШ президенті:

Америка Құрама Штаттары мен Жапония - тығыз байланыс орната білген серіктес мемлекеттер. Біз Жапонияны әрқашан қолдаймыз.

Үшінші ақпанда Оңтүстік Кореяға іссапармен барған Пентагонның жаңа басшысы Джеймс Мэттис, АҚШ серіктестеріне Солтүстік Корея тарапынан шабуыл жасалса, жойқын жауап қайтаратынын, жеткізген еді.

Стивен Миллер, АҚШ президентінің саяси сұрақтар бойынша кеңесшісі:

Біз маңызды альянстарды сақтап қалуға тырысамыз. Тынық мұхиты аймағында көршілеріне қырғи-қабақ танытып отырған Солтүстік Кореяның өшпенділігіне тойтарыс беруіміз керек. 

Шабуылдан сескенген ресми Сеул де қаруларын толық дайындап отыр.

Джеон Дон Чин, Оңтүстік Корея комитеттегі операциялар директорының орынбасары:

Біздің әскерилер Солтүстік Кореяның кез келген әрекетіне дайын. Бұл өз кезегінде Солтүстік Кореяның саяси режимінің тоқырауына алып келеді.

Баллистикалық  зымыранның ұшырылуы жайында Қазақстан Сыртқы істер министрлігі де өз ойын білдірді. Біздің еліміз БҰҰ ҚК тұрақты емес мүшесі ретінде Солтүстік Кореяның әрекетін жауапсыздық ретінде танып отыр.

Елдос САПАРҒАЛИ